Әлем чемпионатының «Ғ» тобында өнер көрсететін Босния және Герцоговина мен Иран құрамалары өзара кездесіп, плей-офф тағдырын шешті.

Бұл матч негізінен Иран құрамасы үшін маңызды болмақ, өйткені олар Боснияны жеңсе келесі айналым күтіп тұр. Ал Босния және Герцоговина құрамасы алғашқы әлем чемпионатын сәтсіз бастағандықтан келесі кезеңге өте алмайтын еді.

Матчтың алғашқы голын Джеко 23-ші минутта соқты. Ортада доппен жүгірген ол алдында тұрған екі қорғаушыны алдап өтіп, қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Бұл сәтте Хагиги  әлсіздік танытып, допты тек көзімен шығарып салды. Сонымен таблодағы есеп 1: 0 босниялықтардың пайдасына.

Алғашқы таймның қалған бөлігі бірқалыпты жылдамдықпен өрбіп жатты. Босниялықтар бірінші нөмермен өнер көрсетсе, ирандықтар қарымта шабуылға иек артты. Алайда қос команда да бұдан артық гол соға алмады бірінші таймда.

59-шы минутта Иран қорғаушыларының өрескел қателігін пайдаланған Босния ойыншылары есепті 2:0-ге жеткізді. Хоссейнидің пас берудегі қателігін пайдаланған Хайрович қақпа маңында орналасқан Пьяничке пас асырды. Ал ол өз кезегінде қақпашымен жеке дара шығып Иран қақпашысынан айласын асырып кетті.

 

 

Ирандықтар бар күшімен есеп айырмасын қысқартуға тырысты. Кезекті бір ұмтылыстан соң, екінші деммен шабуылға аттанған Иран ойыншылары әйтеуір діттегендеріне жетті. Ойынның 82-ші минутында Гучаннеджад таблодағы есепке өзгеріс енгізді. Сол қапталдан көтерілген допқа бірінші жеткен ол бос қақпаға допты бағыттай салды.

Бірақ Иран жанкүйерлерінің қуанышы ұзаққа бармады. Ауыз жиып үлгергенше босниялықтар есепті еселей түсті. Ортадан керемет пас алған Вршаевич қақпа маңына жақындап, Хагигидің тағы бір мәрте осал тұсын тапты. Сонымен есеп 3:1 босниялықтардың пайдасына.

Ал Иран құрамасының бұдан артыққа күші де, жігері де жетпеді. Керісінше Босниялықтар тіркелген есепке көңілдері толмай, шабуылдың артынан шабуыл ұйымдастырып жатты.

Осылайша Иран құрамасы кезекті мәрте жеңіліп, келесі кезеңге шығу мүмкіндігінен айырылды.

 

 

Босния және Герцеговина  – Иран 3:1Голдар: Джеко 23',Пьянич 59',Гучаннеджад 82',Вршаевич 83'2:3

Бас төреші: Никола Риццоли

Қосалқы төрешілер: Ренато Фаверани, Андреа Стефани

25.06.2014 22:00 Бейра-Рио стадионы