Бразилиядағы Әлем біріншілігінде жеңіліп, елдеріне қайтқан испан футболшыларының ұшағына найзағай түсті, деп хабарлайды Reuters. 

 

Оқыс оқиға Мадрид әуежайында орын алды. Куритиба қаласынан Канар аралдары арқылы ұшып келген ұшақтың оң қанатына найзағай түскен шақта ұшақ қонып жатқан екен. Сондықтан апатты жағдай орын алмады делінген дереккөз таратқан хабарламада. Жарақат алғандар жоқ. Ұлттық құрама мүшелері оқиғадан соң дереу әуежайды тастап шығып кеткен.

Естеріңізге салайық, 2010 жылы Әлем чемпионы атанған Испания командасы биылғы мундиальда сәтсіз өнер көрсетті. Үш ойынның екеуінде жеңілген Дель Боске шәкірттері үш ұпаймен өз тобының үшінші сатысына ғана табан тіреген болатын.