Әлем чемпионатының С тобында күрес соңғы турға дейін жалғасты. Колумбиядан кейін плэй-оффқа берілер жолдамаға қалған үш құрама да таласты. Солардың бірі Грекия мен Кот-Д’Ивуар өзара кім мықтыны анықтады.

Алғашқы минуттарда қос құрама да шабуылда аса белсенді болмады. Командалар қорғаныста сауатты ойнап, бір-біріне қысым жасауға тырысты. Дәлірек айтқанда, шабуылшылардың айып алаңына енуге мүмкіндік бермеді. Оныншы минутқа таман «пілдер» жылдам қарымта шабуыл жасады. Алайда бұл ұмтылыс Жервиньоның айып алаңына берілген пасқа жете алмауымен аяқталды. Кот-Д’Ивуар ойыншылары допқа иелік етуде басымдық танытқанымен, қарсыласының қорғаныс шебін бұзып жара алмады. 12-минутта грекиялық Панайотис Коне жарақат алып, ойынды ерте аяқтауға мәжбүр болды. 17-минутта қақпашы Орестис Карнезис те арқасын ауыртып алды. Алайда ол ауруды артқа қойып, кездесуді жалғастыра беруді жөн көрді. Десек те, Карнезис алаңда ұзақ болмады, сырқаты мазаласа керек, 7 минуттан кейін орнына қосалқы қақпашы шықты. Осылайша гректер үшін матч жоспар бойынша жүрмеді.

 Алаңдағы екі команданың да шабуылшылары аса көп көзге түспеді. Сондықтан, қақпаға алғашқы соққы 33-минутта ғана бағытталды. Грекиялықтар үш қана ойыншыдан тұратын жылдам қарымта шабуыл жасады. Христос Холевас Йоргос Самарастан пас алып, бірден қақпаны көздеді. Еуропалықтардың өкінішіне қарай, «бразука» маңдайшаға тиіп, кері серпілді. Допқа бірінші жеткен гректерге қарсы ивуарлар ойын тәртібін бұзды. Нүктеге келген Георгиос Карагунис жойқын соққы жасады. Бұл жолы доп қақпашы Бубакар Барридің қолынан табылды. Бірінші тайм аяқталар тұста гректер қарсыластарының қателігін ұтымды пайдаланды. Қорғаушылардан допты тартып алған Андреас Самарис Йоргос Самараспен пас алмасып, қақпашымен бірге-бір шығып кетті. Ұрымтал тұсқа шыққан ойыншы мүлт кеткен жоқ.

Екінші таймды Фернанду Сантуш шәкірттері  белсенді бастады. «Пілдер» де реті келсе, қарсыласының қақпасын нысанаға алып тұрды. Шейк Тьоте алыстан Панайотис Гликостың қырағылығын тексеріп көрді. Алайда соңғысы орнынан табылды. 53-минутта Лазарос Христодулопулос Сол Бамбадан айласын асырып, аййып алаңына кірген бойда соққы бағыттады. Доп Барри иелігінен қиыс кетті. Кейін Салпингидис те африкалық команданың қақпасын нысанаға алды. Бубакар Барри жақын бұрышқа ұшқан допты алып шықты. 62-минутта гректер тағы бір қауіпті қарымта шабуыл ұйымдастырды. Алайда бұл шабуыл Саломон Калудың ойын тәртібін бұзуымен аяқталды. 68-минутта Георгиос Карагунис допты алған бойда алыстан соққы бағыттады. «Бразукаға» Барридің қолы жеткен жоқ,  десе де, бұл жолы да көмекке қақпа маңдайшасы келді.

Ал ивуарлар өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жібермеді. 74-минутта ойынға тыңнан қосылған Вильфред Бони Жервиньоның пасынан кейін бірден соққы жасады. Қақпашы Гликос бұл жерде шарасыз қалды. Бұл голдан кейін де командада тоблодағы есепті өзгертетін мүмкіндіктер болды. Оның бірінде қорғаушылар сенімді ойнаса, бірінде шабуылшылардың өзі мүлт кетіп жатты. Тек төреші қосқан қосымша уақытта ғана гректер есепте алға шығатын айқын мүмкіндік алды. Джованни Сио қарсыласын айып алаңында құлатып тастады, ал төреші ойланбастан пенальти нүктесін көрсетті. Йоргос Самарас он бір метрлік айып добын сәтті орындап, өз командасына плэй-оффқа жолдама алып берді.       

Сонымен, бұл турға дейін соңғы орында тұрған Греция құрамасы ойда жоқта 1/8 финалға шығып кетті. Керек кезінде жинала білген бұрынғы Еуропа чемпиондары Коста-Рикаға қарсы ойнайтын болады.

Грекия – Кот-Д’Ивуар 2:1 (1:0)

Голдар: 1:0 – Самарис 43, 1:1 – Бони 74, 2:1 – Самарас 90+3

Грекия: Карнезис (Гликос 24), Торосидис, Манолас, Папастатопулос, Олебас, Коне (Самарис 12), Маниатис, Карагунис (Гекас 77), Христодулопулос, Самарас, Салпингидис.

Кот-Д’Ивуар: Барри, Орье, К. Туре, Бамба, Бока, Тьоте (Бони 61), Я. Туре, Ди, Калу, Дрогба (Дьоманде 79), Жервиньо (Сио 83).

Ескертулер: Дрогба 37, Колу 62, Ди 70