2:2 есебімен аяқталған «Қайсар» - «Ақтөбе» кездесуіне белгілі бір себептерге байланысты команданың бас бапкері Дмитрий Огай келе алмады. Оның орнына журналистердің сұрақтарына команданың физикалық дайындық жөніндегі жаттықтырушысы Сұлтан Әбілдаев жауап беріп, «Қайсар» сапындағы соңғы өзгерістер жайлы айтып берді.

 

       • Турнир кестесі туралыБүгін турнир кестесінде біз үшін біраз нәрселер шешілер еді. Егер біз бүгін жеңіске жетіп, басты бәсекелестеріміз ұпайларын жоғалтқанда онда биылғы біріншілікке қойылған алдымыздағы мақсатты орындап қояр едік. Барынша тырыстық. Бірақ, қанша дегенмен «Ақтөбе» футболшыларының шеберліктері жоғарылау».

 

         • Матч алдындағы ұстаным жайлы«Ақтөбе» сынды командаға қарсы ашық айқасқа бара алмайсың. Өте қауіпті. Әп-сәтте жеп қояды. Екінші нөмірмен ойнадық деп айтпас едім, ойын тізгінін өз қолымызда ұстауға тырыстық. Бірақ, негізінен қарымта шабуылдарға көбірек иек артуды сұрадық».

 

       • Дмитрий Огайдың қосалқы құрам отыратын орыннан қуылуы жөнінде.«Біздің футболшыны оңдырмай құлатты. Төреші сары қағаз көрсетуі керек еді, «ақтөбелік» ойыншыға. Ал ол жай ғана ойынды тоқтатты. Бүйтері бар, ысқырмай-ақ қоюы керек еді. Оның үстіне, доп біздің футболшының еншісінде қалған болатын. Бас бапкер сол жайлы төрешіге өз пікірін айтқан еді, қайта өзін алаңнан аласттатты. Енді Қазақстан футбол федерациясының шешімін күтеміз. Бәрі де бас төрешінің хаттамаға не деп жазатындығына байланысты. Мүмкін, Федерация Огайдың жазасын жеңілдетер, бәлкім бірнеше ойыннан шеттетер, жоқ әлде, айыппұл сала ма, ол жағын енді ҚФФ шешеді».

 

       • Кирилл Шестаковтың капитандық міндетті атқарып жүргендігі туралы.«Кирилл Шестаков капитан болуға лайық емес деп ойлайсыздар ма?! Бұл жалпы команданың ортақ шешімі. Оны капитан етіп ұжымның өзі сайлады. Бәрі бірауыздан Шестаковтың капитан болуын қалады. Біз әр ойыннан кейін барлық футболшы жайлы сараптама жүргізіп отырамыз да, соған қарата жұмыстар жүргіземіз».

 

       • Трансферлік жаңалықтар жайлы«Команданы күшейтеміз. Тағы екі футболшы келді Қызылордаға. Екеуі де шетелден. Әлеуеттерін байқаймыз. Қажет деп тапсақ қалдырамыз. Әйтеуір, өзгерістер болатыны анық. Кеткен ойыншылар жайлы айтар болсам, Сергей Шевцовтың командадан кеткенін білесіздер. «Ақжайық» сапында ойнап жүр бүгінде. Сүйіндік Көшековке де «Қайсардың» қосалқы құрамында отыра беруге болмайды. Қазір ол Бірінші лига клубтарының біріне кетті. «Қызылжарға» баратын шығар».

 

        • Гетериевтің алаңға шықпағандығы жайында...«Қазбек екінші таймның барысында алаңға шығуы тиіс болатын. Дайындалып тұрды. Бірақ, бізге ол шепті емес, басқа шепті күшейту қажет болды. Оның әлі уақыты келеді».

 

Ақпарат клубтың ресми сайтынан алынды