Қазақстан Премьер-Лигасының 17-ші туры аясында Алматы қаласында жергілікті «Қайрат» пен қостанайлық «Тобыл» күш сынасты.Матч басталғанына бір минут өткеніне қарамастан Едигарян қақпаға соққы бағыттады. 4-ші минутта Артур оң қапталмен сытылып өтіп, ортада шабуылға қосылып жүрген қорғаушы Плиевке пас асырды. Ал Заурбек өз кезегінде қақпаны дәл көздеді. Сонымен есеп 1:0 алматылықтардың пайдасына. «Қайрат» ойыншылары мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Кнежевич айып алаңының сыртынан Сатубалдиннің қырағылығын тексеріп көрді.Қостанайлықтар сапынан алғашқы соққыны Кургулин жасады. Оның оң қапталдан тепкен добы соққы дегеннен гөрі, алдыға пас асыруға саяды.Команда капитаны Самат Смақов шабуылға жиі араласып тұрды. Алайда оның аяғына жеткен доп қорғаушылардан ары аспады.Бірінші таймның ортасына таман ойын біршама саябырлағандай болды, бірақ Вайсс шәкірттері жағдайды бақылап, ойын басымдығы соларда болды.Матчтан бір сәтке назарымды алаң жиегіне аударып едім, алматылықтар сапына кеше ғана қосылған Бауыржан Байтана мен Станислав Лунин жаттығу жасап жүрді. Мүмкін екінші таймда ойынға араласып қалар.Бірінші таймның соңына қарай қос команда ойыншылары бірнеше рет сөзге келіп қалды. Соның арқасында Смақов пен Кучера сары қағазбен «марапатталды».«Қайрат» футболшылары Исламхан мен Дарабаевта есепті еселейтін мүмкіндік болды. Бірінде Бауыржан қақпашыға тура соққы жасаса, енді бірінде Аслан қақпадан сәл қиыс кетті.Йосип Кнежевич те мүмкіндігі келгенше соққы жасуаға тырысты. Екі қорғаушыны қапы қалдырып қақпаға допты тура бағыттағанымен Сатубалдин шеберлік танытты.

 

Екінші таймды қостанайлықтар ерекше қарқынмен бастады. Алғашқы шабуылдары сәтті аяқталды. Айыпдобын Волков тамаша орындады, допты иіріп алыс бұрышқа тепті. Осылайша Минасян шәкірттері таразы басын теңестірді.Алматылықтар дереу түрде есепте алға шығу керек болды. Владимир Вайсс алаңға тыңнан екі ойыншыны қосты. Бірі Қуантаев болса, екіншісі Лунин.Кнежевич басқаларға қарағанда шабуылға белсендірек көрінді. Оң қапталда екі қорғаушыны артта қалдырып, қақпаға соққы бағыттаған болатын, алайда Сатубалдин допты тойтара білді, Едигарян екінші деммен соққы бағыттағанымен қостанайлық қақпашы шеберлігін көрсетіп, қақпасын голдан аман алып қалды.Қарымта шабуылда Игорь Бугаев қақпашымен жеке дара шыққанымен мүмкіндігін пайдалана алмады.«Сен соқпасаң саған соғады» деген футбол қағидасы орын алды бұл матчта. Алғашқы голдың авторы Заурбек Плиев оң қапталдан суырылып шығып, Қуантаевқа пас асырды. Ермек мүлт кетпей допты қақпаға тоғытты.Матчтың соңында 90-шы минутында Бауыржан Исламхан сол қапталдан қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді.Осылайша Владимир Вайсс шәкірттері өз алаңында үш ұпай олажалап, жарыс кестесінде екінші сатыға көтерілді. Көшбасышы «Ақтөбеден» бес ұпай ғана бөліп тұр.

 

Қазақстан Премьер-Лигасы. 17-ші тур

«Қайрат» - «Тобыл» 3:1, (1:0)

Голдар: 4’ Плиев (1:0), 50’ Волков (1:1), 81’ Қуантаев  (2:1), 90’ Исламхан (3:1),

«Қайрат»: Хомич, Кислицын, Гурман, Маркович, Плиев, Смақов, Бакаев, Исламхан, Кнежевич, Едигарян, Дарабаев.«Тобыл»: Сатубалдин, Тонев, Кучера, Кургулин, Волков, Богданов, Ирисметов, Джалилов, Кушнир, Бугаев, Йеслинек.

Бас төреші: Болат Кәрлібаев (Орал)

Қосалқы төрешілер: Илашбек Орунбаев (Шымкент), Андрей Попов (Павлодар)

22.07.2014 Алматы қаласы. «Орталық» стадион