Футболдан әлем біріншілігі аясында «С» тобының аутсайдерлері Жапония мен Грекия құрамасы күш сынасты.

Бразилиядағы Натал қаласының «Дас Дунас» аренасындағы кездесуде жапондықтар бірден допқа иелік етті. Матчтың екінші минутында Хотару Ямагучи алыстан соққы жасады, бірақ доп қорғаушылардың аяғына тиіп қиыс кетті. Қарымта шабуылда Панайотис Коне Эдзи Кавасиманы бір тексерді, бірақ сәтсіз.  Жапондықтар грекиялықтарды қыспаққа алды. 20-ші минутта Юя Окубо сол қапталдан әдемі соққы бағыттады, алайда доп қақпа бағанасынан қиіс кетті. Бірінші таймның ортасында Грекия қақпасына айып соққы белгіленді. Допқа жақындаған «Миланның» ойыншысы Кейсуке Хонда тоғыздықты дәлдеді, бірақ Карнезис соққыны қайтарды. Артынша, жарақат алған Константинос Митроглудың орнына Теофанис Гекас алаңға шықты. 38-ші минутта Грекия капитаны Катцуранис Жапонияның капитаны Хасебеге қарсы ереже бұзды. Сальвадорлық бас төреші Жоэль Агилар бірден Константиносқа қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды. Содан соң, Самарас жойқын соққы бағыттаған, Эдзи Кавасима бұл соққыны сәтті қайтарды.

Екінші тайм Георгиос Самарастың орталық шептен бағыттаған соққысымен басталды. Грекиялық ойыншылар жиі ереже бұзуда. Самарас жапондық ойыншыға қарсы ереже бұзып, бас төрешіден сары қағаз алды. Кейсуке Хонда айып соққыны сәтсіз орындады. Карагунис орындаған бұрыштама доптан кейін Теофанис Гекас мүлт кетті. Окуба!! Жүз пайыздық соғатын мүмкіндікті жіберіп алды. Оң қапталдан жасалған Кагаваның пасынан Йосито тепкен доп бос қақпадан қиіс кетті. Ойын қыза түсті. Окубо 35 метрдей жерден екпіндеп доп тепті, Карнезис өз орнынан табылды. Альберто Дзаккеронидің жігіттері алға ұмтылып гректерді қыспаққа алғанымен, бұдан нәтиже шықпады. Жапондықтардың шабуылдарына дәлдік жетіспейді. Ойынның аяқталуына үш минут қалғанда грекиялық футболшы Хосе Холебас сол қапталдан сытылып өтіп Кавасимадан айласын асыра алмады. Карнезис! Эндоның жойқын айып соққысын қайтарды. Осылайша, ойын аяқталды. Қорытынды есеп – 0:0.           

ӘЧ – 2014. С тобы. 2-ші тур

Жапония-Грекия-0:0