Екінші тур басталғалы турнирді ерте аяқтайтын құрамалар анықталып, олардың саны әр күн сайын көбейіп келеді. Ал D тобындағы талас соңғы турға дейін созылатын секілді. Уругвай құрамасы Англиядан басым түсіп, алғашқы үш ұпайына қол жеткізді.

Ойынды еуропалықтар шапшаң бастады. Уругвай алғашқы минуттарда стандарттық шабуыл арқылы Джо Харттың мазасын алды. Сол қапталдағы бұрыштан Суарес әріптестеріне пас асырмай, Харттың алға шығып кеткенін көріп, бірден қақпаға соққы бағыттады. Алайда ағылшын қақпашысы орнына қайтып үлгерді. Оңтүстік америкалықтардың жасаған қысымы англиялықтардың еркін көсілуіне мүмкіндік бермеді. 10-минутта айып добы белгіленген нүктеге Уэйн Руни келіп, жақын «тоғыздықты» көздеді. Қақпашы Фернандо Муслера сәл қиыс кеткен допты көзімен ғана шығарып салды. Араға бірнеше минут салып Кристиан Родригес жауапты шабуылын жасады. Алайда оның да алыстан бағыттаған соққысы сәл биік кетті. Содан кейін ойын саябырсып, командалар жаңа шабуылын жасауға тырысты. Тек барлық ұмтылыста да қорғаушылар өз міндетін толық атқарып отырды. Қос команданың да шабуылшылары білгенінен жаңылып, қорғаушылардың тасасында қалып қойды. 31-минутта ғана «үш арыстандар» есеп ашатын керемет мүмкіндікке ие болды. Стивен Джеррад әуелеген пасымен Уэйн Руниді тапты, алайда шабуылшының баспен бағыттаған соққысы қақпа бағанасына тиді. Ал кездесудің есебін «Чарруа» ашты. Эдинсон Кавани мен Луис Суарес жұбы тамаша жұмыс жасады, алғашқысы сол қанаттан пас әуелеткен болса, екіншісі оны голға айналдыра алды. Еуропалықтар да бірден таразы басын теңестіріп кете жаздады. Айып алаңында пас алған Дэниэл Старридж жасаған жойқын соққыны Муслера алып шықты. Осылайша, Оскар Табарес шәкірттері үзіліске жеңімпаз күйінде кетті.

Екінші таймда Суарес бұрыштама допта айласын тағы бір рет қайталады. Джо Харт бұл жолы да өз орнына қайтып үлгерді. Уругвай құрамасы екінші голын салып, ойын тағдырын шешіп тастауды ойлады ма, шабуылда өте белсенді ойнады. 52-минутта Эдинсон Кавани айып алаңында пас алып, Хартпен бірге-бір шықты. Десе де, оның бағыттаған соққысы қақпадан сәл қиыс кетті. Бірнеше минуттан кейін Руни тамаша мүмкіндікке ие болды. «Манчестер Юнайтедтің» шабуылшысы гол соғуды қанша қалағанымен Муслера қақпасынан саңлау таппады. Бұдан кейін британиялықтар бірнеше минут бойы Муслераны жойқын соққылармен мазалай алмады. Рой Ходжсон шабуыл өтіне жаңа леп қосып, ойынға тыңнан футболшылар шығарды. Ал Суарес пен Кавани екінші таймның орта белінде шабуылда көзге түсе алмады. 75-минутта ағылшындар өз дегеніне жетті. Глен Джонсон оң қанатта Дэниэл Старриджден пас алып, допты Руниге асырды. Ал соңғысы бос қақпаны дәл көздеді. Осылайша, Уэйн әлем чемпионатында өткізген оныншы матчта алғашқы голын соқты. Араға санаулы минут салып, Старридж өз командасын алға шығаратын мүмкіндікке ие болды. Муслера иелігінен он шақты метрдей жерде тұрып екі қорғаушының арасынан соққы бағыттады, алайда қақпашы керемет сейвпен допты кері қайтарды. Кездесудің 85-минутында Луис Суарес қараусыз қалып, Джо Хартпен бірге-бір шығып кетті. Мүмкіндігін текке жібермейтін уругвайлық шабуылшы өз командасын екінші рет алға шығарды. Иә, екінші тайм бойы көрінбей жүрген Луис қарсыласын қателігі үшін кешірмеді. Қалған уақытта ағылшындар қарсыласын айып алаңында қысып тастаса да, есепті теңестіре алмады.     

Уругвай – Англия 2:1 (1:0)

Голдар: 1:0 – Суарес 39, 1:1 – Руни 75, 2:1 – Суарес 85

Уругвай: Муслера, А.Перейра, Годин, Хименес, Касерес, Гонсалес, Аревало, Родригес (Фусиле 79), Лодейро (Стуани 67), Кавани, Суарес (Коатес 88).Англия: Харт, Джонсон, Джагелка, Кэйхилл, Бейнс, Джеррард, Хендерсон (Ламберд), Уэлбек (Лаллана 71), Стерлинг (Баркли 65), Руни, Старридж.

Ескертулер: Годин 9 – Джеррад 68