ХХ ғасырдың аты аңызға айналған футболшысы аргентиналық Диего Армандо Марадона футболдан әлем чемпионаты барысында бірнеше ірі телеарналарда сарапшылық жасауда, деп хабарлайды rg.ru сайты.

Марадона чемпионаттың Бразилияда өтіп жатқанына қарамастан, ұйымдастырушыларды сынап, бразилиялықтарға қатысты көңілге тиетін болжамдар жасаудан бас тартпай отыр.

«Менің ойымша, ФИФА мен жергілікті ұйымдастыру комитеті наразылық шараларына көп көңіл аударып, жанкүйерлер мен футбол жайын ұмытып кеткен сияқты. Матчтарда бос орын қалып қоюға қалай ғана жол беріп отыр?! Олар ойын туралы емес, тек өздерінің қара бастарының пайдасын ғана ойлайды», – дейді ол.

Сонымен қатар, Диего Армандо Аргентина құрамасының алғашқы ойыны өзіне қатты ұнағанын айтып, тіпті Лионель Мессиден кешірім сұраған.

«Әрине, барлығымыз керемет жарқын бастама күттік, дегенмен, ең бастысы нәтиже бар. Команда жеңіп келеді, сондықтан ол жеңістің қалай келгені маңызды емес. Ендігі жол жеңілдей түседі», – деп атап өтті ол.

Ал ойыншылар туралы айта келіп Марадона Мессиге ерекше ықыласын білдірген.

«Ойыншыларға келер болсақ, Мессидің алдында басымды иемін. Мен оның ел құрамасының сапында көрсетіп жүрген өнерін жиі сынайтын едім, бірақ Лионель өзінің мықты футболшы болып өскенін дәлелдеді. Сондықтан мен одан кешірім сұрап, екі бетінен кезек сүюге әзірмін. Бұл жігіт чемпионатта біздің команданы жеңіске жеткізуге қабілетті. Шешуші ойында біз Бразилияны шаң қаптырамыз деген үміттемін. Бұл менің жатсам-тұрсам ойлайтын бір ғана арманым!», – деді Марадона.