Әлем чемпионатының басты фавориттерінің бірі Голландия құрамасы өзінің екінші матчын Аустралияға қарсы өткізді. «тобының қос құрамасы да келесі кезеңге өтуге дәмелі еді.

Матчты Аустралия құрамасы жылдам бастады. Бірден алға ұмтылған «соккеруздардың» алдын Голландия қорғаушылары орады. Ойынның алғашқы соққысын Марк Брешиано жасады. Алайда оның тепкен добына қорғаушылар тосқауыл бола білді.

Бірер минут өтпестен «қызғалдақтар» да қарсы жауап қатып үлгерді. Ван Персидің баспен ұрған добы Райанның оңай олжасына айналды.

Ал Ван Гал шәкірттерінің келесі шабуыл нәтижелі аяқталды. 20-шы минутта әлем чемпионатының ең жылдам футболшысы Роббен орта алаңнан сытылып өтіп, бірнеше қорғаушыларды артта қалдырып барып қақпаның арғы бұрышын дәл көздеді.

Алайда Голландия жанкүйерлерінің қуанышы ұзаққа бармады. Ауыз жиып үлгергенше Тим Кэйхилл есепті теңестіріп кетті. Қарымта шабуылда бір сәтке босаңсыған қорғаушыларды қапы қалдырды. Лекки допты қақпа маңында тұрған Тимге әуелетіп асырады, ал Кэйхилл өз кезегінде шірене тұрып қақпаға тамаша соққы бағыттады. Силессен мұндай соққыны күтпеген еді, доп қақпа маңдайшасының астынан кірді.

Бұдан кейін Аустралия құрамасы бірнеше шабуыл жасап үлгерді. Бірінде Брешиано қақпа маңдайшасынан сәл биік тепсе, енді бір ұмтылыста Шпиранович тура қақпашыға тепті. Жылдам өткізген голдан кейін Голландия құрамасы есеңгіреп қалғандай, мардымсыз ойын-өрнегін көрсетті.

 

«Аустралиялықтардың қаһарманы»

 

Екінші таймға Луи Ван Гал шәкірттеріне не деп шығарғанын қайдам, әйтеуір Роббен бастаған жігіттер шабуылдан көз ашпады. Снейдер алғашқы қауіпті шабуыл жасады. Айып алаңының сыртынан тепкен добы Райанның қолынан табылды.

Аустралияның кезекті шабуылында доп Депайдың қолына тиіп, «соккеруздардың» пайдасына 11 метрлік айыпдобы белгіленді. Нүктеге жақындаған капитан Джединак мүлт кетпеді. Сөйтіп 54-ші минутта Кэйхилл бастаған жігіттер сенсациялы түрде алға шықты.

Голландия құрамасына тез арада есепті теңестіру қажет еді. Әйтпесе жағдай мүлдем нашарлап кетті. «Қызғалдақтар» бар жан-тәнімен алға ұмтылды. Көзді ашып-жұмғанша таблодағы есеп 2:2-ге жетті. Де Йонг пасын сәтті пайдаланған Ван Перси Райанға мүмкіндік қалдырмады.

Эндж Постекоглу шәкірттері есепті еселеуге деген мүмкіндікті пайдалана алмады. Маккэй қақпашымен жеке шыққан сәтте қақпаға соққы бағыттаудың орнына Леккиге пас асырды. Ал соңғысы тосын келген допты қақпаға баспен ұрғанымен Силессен бұл допты «шемішкеше шаққандай» қағып алды.

Футболда «сен соқпасаң саған соғады» деген бұзылмас қағида бар. Аустралиялықтар мүмкіндігін жіберіп алғанымен голландиялықтар мұндай қателік жасамады. Екінші таймда алаңға тыңнан қосылып, ойынға жаңа дем берген Депай командасын алға шығарды. 68-ші минутта Депайдың 30 метр қашықтықтан тепкен добын Райан қайтара алмады.

«Ван Персидің қуанған сәті»

 

Әлем чемпионатындағы ең тамаша кездесуін көрдік. Осылайша «қызғалдақтар» плей-офф кезеңіне жолдама алса, Аустралия құрамасы үшін әлем біріншілігі өз аяғына жетті. Футбол ләзатты деген осы шығар. Мұндай ойныды көргенде арманда, көрмегенде арманда...

 

Аустралия – Голландия 2:3 (1:1)

Гол: 20′ Арьен Роббен (1:0), 21′ Тим Кэхилл (1:1), 54′ Джединак (2:1), 58′ ван Перси (2:2), 68′ Депай (2:3).

Бас төреші: Джамель Аймуди

Қосалқы төрешілер: Редуан Ашик, Абдельхак Этшиали

18.06.2014 22:00 Бейра Рио стадионстадионы, Порту-Алегри