Бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері және екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев «PROСПОРТ  Қазақстан» тілшісіне берген сұхбатында әуесқой және кәсіпқой бокстың айырмашылығы мен Геннадий Головкин жайлы пікірімен бөлісті.

- Біріншіден жуырда Алматы іргесінде ашылған АИБА халықаралық бокс Академиясы жайлы ойыңызды білейін деп едік?

- АИБА халықаралық бокс академиясы әлемде теңдесі жоқ алып орталық. Бұл Академия бастапқыда Канадада салынуы тиіс болатын, бірақ артынша олар бас тартты. Содан соң, АИБА біздің елімізді таңдады. Енді міне Қазақстан бокс Федерациясы арқасында отанымызда осындай керемет Академия салынды. Боксшыларымыз үшін барлық жағдай жасалған. Өз басым бұдан артық Академияны көрген емеспін. Мен бокспен айналаса бастағанда мұндай жағдай болмаған. АИБА-ның жаңа академиямында  теннис, воллейбол, футбол, баскетболға арналған арнайы алаңдар бар. Қазақстан бокс Федерациясы мен мемлекет басшылығы үшін әлемде жоқ осындай академияның біздің елімізде салынуы - қуантарлық жайт.

- Жақында жерлесіміз Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы анықталды. Дэниэл Гилл жайлы не айта аласыз?

- Генаның кәсіпқой боксшы карьерасындағы ең мықты қарсыласы дәл осы  Дэниэл Гилл болайын деп тұр. Себебі ол бұрынғы әлем чемпионы. Гил – беделді боксшы, бірақ Головкин жеңіске жетеді деп ойлаймын.

- Жекпе-жек қанша раундқа созылады деп ойлайсыз?

- Меніңше, жекпе-жек уақытынан бұрын аяқталады. Гена оны нокаутпен ұтуы керек.

- Серік, сізге «ЛуДибелла промоушен» кәсіпқой боксқа ауысу үшін миллион доллар ұсынды деп естідік. Бұл рас па?

- АҚШ-та Геннадий Головкиннің бокс кешінде танымал промоутер Лу Дибелламен таныстым. Ол белгілі боксшы Серхио Мартинестің промоутері екен. Маған келіп: «Сені командамда көргім келеді» деді. Ал миллион доллар ұсынғанын бірінші рет естіп тұрмын, әйтсе де Дибелла кем дегенде миллион доллар ұсынар еді деп ойлаймын.

- Ал басқа промоутерлік компаниялар Golden Boy немесе Top Rank-тен ұсыныс келген жоқ па?

- Жоқ, олардан ұсыныс келген емес. Жалпы кәсіпқой боксқа ауысуы үшін, өзім жүгіруім керек еді. Десек те, өз ниетім болса бұл компаниялармен келісімшартқа отырар едім. АҚШ-та Олимпиада чемпиондары мен Баркер кубогының иегерлерін қатты құрметтейді.

- Дегенмен, әуесқой мен кәсіпқой бокс екі түрлі нәрсе. Мәселен, екі дүркін Олимпиада жеңімпазы украиндық боксшы Василий Ломанченко кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегінде жеңіліп қалды...

- Василий WSB Дүниежүзілік бокс сериясында бірнеше маусым өткізді де кәсіпқой боксқа дайынмын деп ойлады. Мен WSB мен кәсіпқой боксты өз көзіммен көрдім. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. WSB әуесқой боксқа жақындау. Бұған қоса, Ломаченкоға мықты қарсылас түсті. Оның Салидодан ұтылатынын сезгенмін.

- Кәсіпқой бокста біздің бірнеше жігіттеріміз өнер көрсетіп жүр. Сондай азаматтардың бірі Қанат Ислам. Сіздің ойыңызша, Қанат әлем чемпионы бола алады ма?

- Әрине. Қанат – өте дарынды, мықты боксшы. Ол Әуесқой бокста, WSB-да өзін жақсы қырынан көрсетті. Менің ойымша Қанаттың әлем чемпионы атануға барлық мүмкіндігі бар.

- Еліміздегі көптеген мықты боксшылар әуесқой бокстан кейін кәсіпқойға ауысқысы келмейді. Себебі неде?

- Өйткені кәсіпқой бокста «жүгіру» керек. Жақсы промоутер іздеу, кездесу өтетін алаң табу – бұның бәрі қиын мәселе. Аты шықпаған боксшылар қалтадан қаражат шығарады. Ал әуесқой бокста мемлекет барлық жағдай жасайды, қаржыландырады, киіндіреді. Сондықтан, біздің боксшылар кәсіпқой боксқа аса ұмтылмайды. Бұған қоса бізде кәсіпқой бокс қатты дамымаған.

- Қазіргі таңда сіздің салмағыңызда кәсіпқой бокстың жұлдызы Флойд Мэйвезер жұдырықтасады...

- Флойд өте білікті боксшы. Мен кәсіпқой боксқа ауысқан жағдайда, арманым - осы Флойд Мэйвезермен жұдырықтасу болар еді. Денсаулығыма байланысты кәсіпқой боксқа ауыса алмадым.

- Мэйвезер әлемнің ең үздік боксшысы, дегенмен ол бір-екі жылдан кейін үлкен спортпен қоштасады. Оның орнын кім басуы мүмкін деп ойлайсыз?

- Меніңше, Геннадий Головкин немесе Гильермо Ригондо. Екеуінің біреуі.

- Головкиннің жекпе-жектерін шаршы алаңның жиегінен тамашалап Геннадийге үлкен қолдау көрсетіп жүрсіз. Алда өтетін Дэниэл Гиллге қарсы жекпе-жегіне барасыз ба?

- Әлі білмеймін. Кездесуге дейін әлі көп уақыт бар.

- Бейбіт Шүменовтің соңғы жекпе-жегі жайлы не айта аласыз?

- Бейбіт соңғы кездесуінде тәжірибелі Хопкинстен жеңіліп қалды. 50-жастағы Бернард тәжірибесінің арқасында жеңіске жетті деп ойлаймын.

- Енді әуесқой боксқа тоқтала кетсек. Біздің чемпиондық салмағымызда Данияр Елеусінов өнер көрсетіп жүр, ол Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиаданы бағындыра ала ма?

- Әлбетте, бағындырады деген ойдамын. 

- Былтыр Алматыда өткен ерлер арасындағы әлем чемпионатында 20 жасында топ жарған Жәнібек Әлімханұлы жайлы пікіріңіз қандай?

- Жәнібек - талантты жас боксшы, десек те Алматыдағы әлем чемпионаты ол үшін жеңіл болған жоқ. Көп еңбектенсе үлкен жетістіктерге жетеді.

- 2016 жылы Бразилияда өтетін жазғы Олимпиада ойындарында бокстан қанша алтын медаль аламыз деп ойлайсыз?

- Кем дегенде екі алтын аламыз деп ойлаймын. Қазақстан бокс федерациясы боксшылар үшін барлық жағдай жасап, көп жұмыс атқарып жатыр. Сондықтан, кем дегенде екі алтын алуымыз тиіс. Сондай-ақ, жалпы командалық есепте бірінші орын алуға тырысуымыз керек.   

 

 Әңгімелескен: Қайсар ОҚАС