17 маусымнан 18-іне қараған түні әлем біріншілігінің алғашқы туры өз аяғына жетті. Оны түйіндеген Ресей мен Оңтүстік Корея құрамалары арасындағы матч.

Ойын басталысымен-ақ жылдам өрбіді. Жасыл алаңдағы командалар қарсыласының осал тұсын іздеп, позициялық шабуылдар жасады. Қақпаға бағытталған алғашқы соққыны азиялықтар орындады. Сон Хын Миннің айып алаңына кірмей тепкен добы сәл биік кетті. Бұл матчтың 10-шы минуты болатын. Кейін ресейліктер басымдыққа ие болып, қос қанаттан алма кезек шабуылдар жасап көрді, алайда оның бәрі кәріс қорғанысынан әрі аспады. Азиялық барыстардың да ұмтылыстарын Фабио Капелло шәкірттері тоқтатып тастап отырды. 28-минутта Денис Глушаков алыстан соққы бағыттаған еді, қорғаушылар тағы да орнынан табылды. 32-минутта қақпа аңғарына алғашқы соққы жасалды. Оны ресейлік Сергей Игнашевич тепкен еді, алайда Чок Сон Рен допты кері ұайтарды. Араға санаулы минуттар салып Юрий Жирков айып алаңына кірер тұста сол аяғымен қарсыластарының қақпасын көздеген болатын, бұл жолы нысанадан қиыс кетті. 38-минутта Сон Хын Мин орта тұста әдемі пас алып, маңдайшаның астына тепті. Алайда «бразука» қақпаға дәл бармады.  

Бірінші таймда қос құрама да ауыз толтырып айтарлық ештеңе істей алмады. Доп уақыттың көп бөлігінде алаңның ортасында жүрді. Екі команданы қосқанда қақпа аңғарына бір рет қана дәл тебу жақсы нәтиже емес екені анық.

Екінші тайм да қарбалыспен басталды. 50-минутта Гу Чжа Чхоль қырық метрдей жерден соққы бағыттады, Игорь Акинфеев орнында. Бірнеше минуттан кейін Ки Сон Ен айып алаңының ішінде пас алып, алыс бұрышты көздеді. Ресейлік қақпашы қате жіберген жоқ. Ким Ен Гвон айып добын өте қауіпті орындады, мәскеулік ЦСКА-ның қақпашысы бірінші жолы допты қолынан шығарып жіберсе де, екінші рет қарғып ұстап алды. Иә, үзілістен кейін «азиялық барыстар» бүгінгі ойыннан үш ұпай олжалауды көздесе керек, шабуылда сенімдірек әрі белсендірек ойнады. Солтүстік көршілеріміз де қарап қалмай, реті келгенде алыстан соққы бағыттап қалды. Комбаровтың тепкен добын Чон Сон Рен өз қақпасына кіргізген жоқ. 68-минутта Игорь Акинфеев кәрістерге тамаша гол сыйлады. Алаңға тыңнан шыққан Ли Кын Хо бір ойыншыдан өтіп барып, соққы бағыттады. «Бразука» Акинфеевтің қолына тиіп, қақпаның ішіне кіріп кетті – 0:1. Десек те, араға алты минут салып ресейліктер таразы басын теңестіріп тастады. Ойынға араласқанына үш қана минут болған Александр Кержаков допты әдемі қабылдап алып, кореялық қақпадан саңлау тапты. «Үш түсті аюлар» бұдан кейін де алға шығатын мүмкіндікке ие болды. Алайда оның бір де біреуі еуропалықтарға пайда алып келген жоқ.

Осылайша, турнирдегі үшінші тең есеп аяқталды. Бұл нәтиже, ең алдымен, бельгиялықтарға қол болды. Ал топтан шығуға төрт құраманың да мүмкіндігі сақталды.     

Ресей – Оңтүстік Корея 1:1 (0:0)

Голдар: 0:1 – Ли Кын Хо 68, 1:1 – Кержаков 74

Ресей: Акинфеев, Ещенко, Березуцкий, Игнашевич, Комбаров, Файзулин, Глушаков (Денисов 72), Жирков (Кержаков 71), Шатов (Дзагоев 59), Самедов, Кокорин.   

Оңтүстік Корея: Чон Сон Рен, Ли Ен, Ким Ен Гвон, Хон Джин Хо (Хван Сок Хо), Юн Сок Ен, Ки Сон Ен, Хан Гуг Ен, Ли Чхон Ен, Гу Чжа Чхоль, Пак Чу Ен (Ли Кын Хо 56), Сон Хын Мин (Ким Бо Ген 84).

Ескертулер: Шатов 49Сон Хын Мин 14, Ки Сон Ен 30, Гу Чжа Чхоль 90+1