Алматыда жеңіл атлетикадан осымен 24-ші рет өткізілген «Ғұсман Қосанов мемориалы» халықаралық жарысында еліміздің жаңа ұлттық рекорды орнатылды, деп хабарлайды inform.kz ақпараттық сайты.

4х400 эстафетасы бойынша жасалған бұрынғы рекорд 1982 жылдан бері өзгермей келген болатын.

«Бұл аса қуанарлықтай жағдай. Спортшыларымыз қыркүйек айында болатын Азия ойындарына дайындалып жүр. Соған қарамастан, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Біздің жас жігіттер 4x400 эстафетасын 3 минут 08 секундта жүгіріп өтті. Олар - астаналық Дмитрий Корабельников, алматылық Әмірсерік Бекенов, павлодарлық Игорь Кондратьев және тағы бір павлодарлық Сергей Зайков. Ал 4х100 эстафетасы бойынша осы мемориалдың рекорды жаңартылды. Қыздарымыз жарыс жолын 43,76 секундта басып өтті. Олар тараздық Светлана Иванчукова, алматылық Виктория Зябкина, алматылық Анастасия Тулапина және павлодарлық Ольга Сафронова. Сонымен қатар үш спортшымыз халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады», - деді ҚР жеңіл атлетика бойынша ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Вячеслав Сокирко.

Ал турнирдің басты жарысы - 100 метрлік қашықтықты бұл жолы да ирандық желаяқ Хасан Тофиан бірінші болып жүгіріп өтті. Оның көрсеткіші - 10,22 секунд. Өткен жылы ол бұл қашықтықты 10,15 секундтық көрсеткішпен жүгіріп өтіп, алтыннан алқа таққан болатын. Жеңімпазға 1000 доллар, екінші орын алған грузиялық спортшыға 500 доллар, үшінші орын алған ресейлік спортшыға 200 доллар табыс етілді.

Естеріңізге сала кетейік, 100 метрлік қашықтық бойынша қазақстандық спринтер Виталий Савиннің сонау 1991 жылы жасаған рекорды әлі күнге дейін жаңартылған жоқ. Ол - 10,11 секунд. Дегенмен спринтерлер оған баяу болса да жақындап келеді. Сондай-ақ Ольга Шишигинаның да 100 метрлік қашықтық бойынша жасаған рекорды әлі өзгерер емес. Ол - 11,13 секунд.

Атақты спринтер Ғұсман Қосановты еске алуға арналған биылғы турнирге барлығы 9 елден 260 жуық жеңіл атлеттер қатысып, спорттың 17 түрі бойынша бақтарын сынады. 100 метрлік спринтерлік қашықтықтан басқа спорт түрлері бойынша тек бірінші орын алғандар ғана бағалы сыйлықтармен марапатталды.