F тобының басты фавориті Аргентинадан бөлек, плэй-оффқа жолдама берер екінші орынға Босния және Герцоговина, Нигерия, Иран таласатын болады. Бірінші турда топтың африкалық және азиялық өкілдері теке тіресті.

Алғашқы шабуылды нигериялықтар жасады. Виктор Мозес ортаға қарай ығысып барып, оң аяғымен соққы бағыттады. Алайда бұл доп Алиреза Хагиги қақпасына аса қатты қауіп төндіре алмады. Иран ойыншыларына доппен ұзақ ойнауға мүмкіндік болмады. Реті келгенде африкалықтар бірден допты тартып алып, қарымды шабуылдарын қайта бастайды. 9-минутта Ахмед Муса айып алаңында әдемі пас алғанымен, ұрымтал тұстан дұрыс соққы бағыттай алмады. Бұдан кейін де «суперқырандар» бірнеше рет ұмтылыс жасап көрді. Десек те, оның көбісін қарсыласының қорғаушылары кері қайтарып тастады. Ал Карлуш Кейруш шәкірттері Винсент Эньеама қақпасына соққы бағыттау былай тұрсын, оның аяғына доп тигізбей, қақпашыны өз айып алаңында зеріктіріп жібергендей көрінді. 31-минутта Муса айып добын құйтырқы орындап, Хагигидің қырағылығын тексерді. Ал соңғысы жақын бұрышқа бағытталған допты алаңнан шығарып үлгерді. 34-минутта «Мелли» де алғашқы қауіпті шабуылын ұйымдастырды. Тіпті, бірінші шабуылынан-ақ есеп ашып кете жаздады. Реза Гоочаннеиджад бұрыштама доп кезінде қарсыласынан сытылып шығып, баспен соққы бағыттады. Африкалықтарды тек Эньеаманың шеберлігі ғана құтқарып қалды. Бұл бірінші таймда жасалған ең қауіпті шабуыл болды. Одан бөлек африкалықтар да, азиялықтар да тоблодағы есепті өзгертетін мүмкіндікке ие болмады.

Үзілістен кейін «Мелли» қарсыласына лайықты жауап қата алды. Қос қапталдан пас лақтырып, «суперқырандардың» қобалжуына мәжбүр қылды. Уақыт өте келе Стивен Кеши шәкірттері допқа жиі иелік етті. Ал ирандықтар өз жарты алаңында қысымын көбейтіп, африкалықтарға шабуылын жалғастырар бос орын қалдырмады. Осылайша, қарсыласын қарымта шабуылдан ұстап алуға тырысты. 65-минутқа таман Карлуш Кейрус шәкірттері нигериялықтарды қорғанысқа тығып тастады. Африкалықтар бірнеше минут бойы допты өз жарты алаңдарынан шығара алмай мезі болмады. Десе де, уақыт өте келе нигериялықтар басымдықты тағы да қолына алып, ойынның тағдырын шешуге бел шешті. Оджени Онази 76-минутта алыстан соққы бағыттады, доп қақпаның аңғарына дәл барғанымен, аса жойқын шыққан жоқ. Матчтың соңына таман нигериялықтар қарсыласының айып алаңына қауіпті пастар асырды, бәрінде де қорғаушылар екінші қабатта сәтті ойнады.

Бұл ойында қос құрама да жеңуден бұрын жеңілмеуді ойласа керек, шабуылда аса белсенді болмаса да, қорғаныста ұқыпты ойнады. Сонымен, әлем чемпионатында алғашқы тең есеп тіркелді.               

 Иран – Нигерия 0:0 (0:0)

Иран: Хагиги, Хейдари (Шоджаи 89), Сафи, Хоссейни, Амирхоссейн, Некунам, Теймурян, Монтазери, Дежага (Джаханбакш 78), Мехрад, Гоочаннеиджад.

Нигерия: Эньеама, Эмброуз, Ошанива, Обаобона (Йобо 29), Азиз (Одемвинги 69), Омеруо, Онази, Микел, Мозес (Амеоби 52), Муса, Эменике.

Ескерту:  Теймурян 75