Бразилияның астанасы Бразилиа қаласындағы «Гарринча» стадионында «Е» тобының командалары Швейцария мен Эквадор кездесті.

Бразилияның аңыз футболшысы Манэ Гарринча атындағы стадионында Швейцария мен Эквадор құрамалары жасыл алаңға шықты. Бірінші таймның алғашқы минуттары баяу басталды. Доп көбінде орталық шепте жүрді. Дегенмен, матчтың 22-ші минутында Эквадорлықтар кездесуде есепті ашты! Вальтер Айовидің пасынан кейін Эннер Валенсия баспен ұрған соққысы Диего Бенальоны қапы қалдырды – 1:0. Отмар Хитцфельдтің жігіттері есепті теңестіруге ұмтылды, бірақ бұдан нәтиже шықпады. 35-ші минутта Швейцарияның капитаны Гокхан Инлер алыстан жойқын соққы бағыттады, бірақ эквадорлық қақпашы Алехандро Домингес соққыны қайтарды. Эквадорлықтардың қарқыны жақсы, әйтсе де еуропалықтар олардың қорғанысынан өте алмады. Тіпті, эквадорлықтар есепті еселейтін бірнеше мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмады. Бірінші тайм Эквадордың пайдасына шешілді.

Екінші таймның екінші минутында-ақ швейцариялықтар есепті теңестіре алды! Валентин Штокерді екінші таймда алмастырған Адмир Мехмиди бұрыштамадан көтерілген допты баспен қақпаға сүңгітіп, таразы басын теңестірді – 1:1. Артынша, Гокхан Инлер алыстан жойқын соққы жасады, бірақ доп қақпа бағанасынан қиыс кетті. Оңтайлы шабуылдардың бірінде эквадорлық Фиксон Эрасоның баспен соққысы сәтсіз болды. Матчтың бас төрешісі өзбекстандық Равшан Ирматов 52-ші минутта ереже бұзған эквадорлық ойыншы Хуан Карлос Паредеске сары қағаз көрсетті. Ойын бірден қыза түсті. Бірінші таймда есеп ашқан Эннер Валенсия дубль жасайтын мүмкіндігін жіберіп алды. 65-ші минутта Джефферсон Монтеро швейцариялықтардың қорғанысынан сытылып өтіп Диего Бенальоның қақпасына соққы жасады, бірақ «Вольфсбургтің» қақпашысы қауіпті қайтарды. Ары қарай, «Бавария» мен швейцариялықтардың жас жұлдызы Джердан Шакири командасына жеңіс сыйлайтын жақсы мүмкіндікті жіберіп алды. Сол қапталдан бағыттаған  соққысы қақпадан қиыс кетті. Ойынның аяқталуына бес минут қалғанда Диего Бенальо эквадорлық футболшы Майкл Аррайоның айып соққысын сәтті қайтарды. ГОЛЛЛЛ!!! Өзбекстандық бас төреші Равшан Ирматов қосқан қосымша минуттың соңғысында швейцариялықтар жеңісті жұлып әкетті. Кристиан Родригестің нәтижелі пасынан Харис Сеферович жеңісті голды соқты – 2:1.  

Футболдан әлем біріншілігі. «Е» тобы. 1-ші тур.

Швейцария-Эквадор-2:1

Голдар: Мехмеди, 52, Сеферович, 90+3 - Э. Валенсия, 22