Еліміздің 16 өңірінен 200-ден астам балуан Павлодарға жиналды. «Баянтау» спорт сарайында еркін күрестен ел біріншілігі бастау алды.

Бәсекеде бағы жанғандар қыркүйекте өтетін Азия ойындары мен әлем чемпионатына қатысады. Жарыстың алғашқы күнінде боз кілемде ерлер белдесті. Спортшылардың қатарында Олимпиада жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, спорт шеберлері Дәурен Жұмағазиев, Дәулет Қалиев сынды палуандар бар. Жарақатына байланысты Азия чемпионатының 3 дүркін қола жүлдегері, Лондон Олимпиадасының қатысушысы Дәулет Шабанбай жарыстан шет қалды. Ертең жарыс көркін қыздар қыздырады. Жанат Усин, еркін күрестен Павлодар облысының бас жаттықтырушысы: - Биыл бізде екі үлкен жарыс өтеді. Олар – Азия ойындары мен әлем чемпионаты. Ол ойындарға кім баратыны осы жерде шешіліп жатыр. Балалардың Азия ойындарында, әлем чемпионатына күресуге мүмкіндігі бар.