Олимиада ойындарының екі дүркін (1996 жылы – Атланта, 2000 жылы – Сидней) күміс жүлдегері, әлем чемпионы. Спорттық ғұмырында 500-ден астам жекпе-жек өткізген дарынды боксшы қазіргі таңда «Астана арландарын» жаттықтырып жүрген бапкерлердің бірі.

– Боксқа түбегейлі бет бұрмас бұрын жеті жасымнан бастап жүзу және самбо спортымен шұғылдана бастадым. Жолым болып, 12 жасымнан өте білікті бапкер Феликс Цойдің қарамағында жаттықтым. Сол кісінің еңбегінің арқасында әлем чемпионы, спорт шебері деген атақтарға қол жеткіздім. Қай кезде де қасымнан табылып, қолдау көрсетуден де, ақыл-кеңес беруден де жалықпаған Феликс Тихонович шетелге жарысқа бара қалсақ, тіпті, тамағымды да өзі дайындап беретін. Одан бөлек, Закир Муминов, Рашид Кабиров сынды жаттықтырушылардың да тәлімін көрдім. Міне, осындай ұлы мамандардың көмегі арқасында белгілі бір белесті бағындыру бақыты бұйырды. Сондықтан болар, «осы күнге өз күшіммен, маңдай терімнің, қажырлылығымның арқасында ғана жеттім» дейтіндерді түсінбеймін. Меніңше, адамның әрбір жетістігінде міндетті түрде өзге біреудің үлесі болады. Біреулер жол сілтейді, кейбіреулер кеңес береді, енді біреулер қиын-қыстау кезде демеп жібереді… Осылай жалғаса береді. Ең бастысы, бір кездері жақсылық жасаған жандарды ұмытпау керек. Қай салада жүрсең де, қандай биікке көтерілсең де. Бұл – менің өмірлік ұстанымым. Бәлкім, сондықтан шығар, бала күнгі достарыммен қазірге дейін араласып тұрамыз. Қазақ «досы көпті жау алмайды» дейді ғой. Дүниенің кетігін тауып, кірпіш болып қалануым да сол достарымның арқасы деп білемін.

Спорттың бір қасиеті – өзгенің еңбегін, достықтың қадірін түсіне білуге үйретеді. Жаман қылықтардан бойыңды аулақ ұстауда да спорттың үлесі зор. Кейде балалардың білектегі күшін өзінен әлсіздерге әлімжеттік жасау үшін пайдаланғысы келіп тұрады. Қалай дегенмен, бала өмірдің ақ-қарасын, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін ажырата алмайды ғой. Мұндайда бүлдіршіннің отбасы мен айналасындағылар дұрыс бағыт сілтеуі қажет. Өзім жастайымнан әкесіз қалып, анам Оңалсын Жұмаділова бес баланы «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шұқтырмай» өсіріп- жетілдірді. Сол үшін де анама мың алғыс. Ол кісінің қандай қиын заманда да бізді өзгелерден кем қылмай, суық демей, ыстық демей, барын салғанын көріп өскендіктен де өмірде болатын сәтсіздіктер мен жеңілістерге төзімділікпен қарауға тырысатынмын. Ашуға бой алдырмай, керісінше, қай жерде қандай қателік жібергенін ойша таразылап, қателіктерінен сабақ алған адам ғана нағыз шыңға шығады. Жеңіліс те жеңіс секілді – адамның бойында қайсарлықты қалыптастырады. Осыны жадтан шығармаған абзал.

 

Мәдина АСЫЛБЕК, «Спорт» газеті