Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев футболдан Әлем чемпионатында Бразилия еліне жеңіске жетуге өз тілектестігін білдірді. Мемлекет басшысының тілегін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбеков жеткізді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Футбол Федерациясының Президенті Әділбек Жақсыбеков Бразилияда Халықаралық Футбол Федерациясы (FIFA) Конгресінің 64-ші отырысына қатысып, жұмыс сапары шеңберінде «Еңбекшілер партиясының» көшбасшысы, Латын Америкасының ең беделді және тәжірибелі саясаткері, Бразилия Федеративтік Республикасының экс-Президенті Лула да Силвамен кездесті.

«Жылы және достық жағдайда өткен кездесуде ҚР Мемлекеттік хатшысы Ә.Жақсыбеков Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атынан Лула да Силваға мықты денсаулық пен қажымас қайрат, ағымдағы жылдың қазан айында өтуі жоспарланып отырған президенттік және парламенттік сайлауда биліктегі «Еңбекшілер партиясына» табыстар тіледі, сондай-ақ алдағы футболдан Әлем біріншілігінде Бразилия ұлттық командасының чемпиондық атаққа ие болуына өз тілектестігін білдірді», делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Л.Силва өз кезегінде ҚР Президентін өзінің жақсы досы, Орталық Азия аймағында ғана емес, сондай-ақ жалпы Еуразия құрлығындағы мемлекеттер ішіндегі беделді Мемлекет басшысы ретінде аса құрметтейтінін білдірді.

Сондай-ақ ол соңғы жылдары экономикасы қарқынды даму үстіндегі Қазақстанға сапармен баруға дайын екенін мәлімдеп, Елбасына ең ыстық тілегін, ал Қазақстан халқына гүлдену мен өркендеуді тілейтінін жеткізді.