Маусым айының 12-сінен 13-іне қараған күні барша әлем күткен дода бастауын алды. Сан-Паулу қаласындағы «Коринтианс Аренада» Бразилия мен Хорватия құрамалары төрт жылдықтың басты мерекесінің ашылу матчын өткізді.

 Алғашқы матч қалай болса, жалпы турнир де сол деңгейде өтеді деген ұғым бар. Сондықтан бүгін бразилиялықтар мен хорваттар жасыл алаңда білгенінен жаңылмауы тиіс. Бас төреші жапониялық Юити Нисимура және оның көмекшілері Тору Сагара мен Тосиюки Нагиге де қойылар талап – осы. Алғашқы секундтардан-ақ еуропалықтар белсенді ойнады және қақпаға бірінші боп осы елдің ойыншылары соққы бағыттады. Алайда Елавич бағыттаған доп сәл қиыс кетті. Бұл шабуылдан кейін бразилиялықтар басымдықты теңестіре бастады. Ойын барысы өте жылдам деңгейде өрбіді. Доп қос команданың иелігінде алма кезек болды. Ал дөңгелек доп күтпеген жерден Бразилияның қақпасынан табылды. Сол қанаттан Оличтің асырған пасын Марсело өз қақпасына салып алды. Біріншіліктің алғашқы голы, осылайша, ешкім күтпеген жағдайда салынды. Бразилиялықтар үшін осы жағымсыз оқиғадан кейін турнир қожайындары алға ұмтылды. Ертерек есін жимаса, бәрі кеш боп қалуы мүмкін екенін ұқса керек. Алайда хорватиялықтар да оңай шағыла қояр жаңғақ еместігін дәлелдеп бағуда. 20-минутта Паулиньо айып алаңына еніп барып, қақпаға соққы бағыттады. Плетикоса орнында. Араға санаулы уақыт салып, Оскар алыстан хорватиялық қақпашының дәлдігін тексеріп көрді. Тағы да еуропалықтардың иелігіне доп дарымады. 27-минутта Неймар ойын тәртібін бұзып, сары қағазбен «марапатталды». Екі минуттан соң аталмыш ойыншы таразы басын теңестірді. Алыстан бағытталған соққыға Плетикосаның қолы жетпеді. Ал теңбіл доп бағанаға тиіп, қақпа сызығынан өтіп кетті. Бұл гол ойынды тең есеппен қайта бастауға алып келді. Қорғаныста қате жібермеуді ойласа керек, алаңдағы футболшылар алға аса қатты ұмтылмады. Осылайша командалар үзіліске 1:1 есебімен кетті.

Екінші таймда оңтүстік америкалықтар допқа иелік етті. Сколари шәкірттері оң қанат арқылы хорваттардың қорғанысын бірнеше мәрте мазалап көрді. Алайда доп айып алаңына кірген бойда еуропалық ойыншылар қауіптің бетін қайтарып тастап тұрды. Мүмкіндік болса, қарымта шабуылда да бағын сынады. Үзілістен кейін Нико Ковач шәкірттері жиі тәртіп бұзып кетті. Ойынға бірінші боп өзгерісті осы Нико Ковач енгізді. 61-минутта Ковачичтің орнына Брозович шықты. 67-минутта орталық алаңда пас берудегі қателіктен кейін бразилиялық Неймар қақпаға қарай тұра ұмтылған болатын, қарсыласынан допты тартып алмақ болған Чорлука ойын ережесін бұзды. Ал нүктеге келген Дани Алвештің соққы қақпадан биік кетті. Санаулы уақыттан кейін Ловрен Фредті айып алаңында тартып құлатты. Бас қазы он бір метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиді орындауға Неймардың өзі келді. Гол... Қақпаның сол қапталына бағытталған доп Плетикосаның қолына тиіп, қақпаның ішіне кіріп кетті. 77-минутта бұрынғы «ақсүйектік» жұп іске араласты. Оң қанаттан Оскар допты әуелетіп берді, Давид Луиздің баспен бағыттаған соққысы Хорватия қақпасына қауіп төндірумен ғана шектелді. Кездесудің соңына таман еуропалықтар басымдықты өз қолдарына ала бастады. Алайда бразилиялықтар екінші рет қате жіберген жоқ. Керісінше, номиналды қонақтарды қарымта шабуылдан ұстап алды. Оскар жарты алаңнан жалғыз өзі өтіп шығып, Плетикоса қақпасынан тағы бір рет саңлау таба алды. Қорытынды есеп – 3:1.         

 

Бразилия – Хорватия 3:1 (1:1)

Голдар: 0:1 – Марсело (автогол) 12, 1:1 – Неймар 29, 2:1 – Неймар (пен) 71, 3:1 – Оскар 90+1

Бразилия: Сезар, Алвеш, Силва, Луиз, Марсело, Густаво, Паулиньо (Эрнандес 64), Оскар, Халк (Бернард 69), Неймар (Рамирес 89), Фред;

Хорватия: Плетикоса, Срна, Чорлука, Ловрен, Врсалько, Ковачич (Брозович 62), Ракитич, Модрич, Перишич, Олич, Елавич (Ребич 79);