Сағындырып төрт жылда бір келетін әлемдік дода да басталды. Басқа басқа емес, футбол отанында, Бразилияда. Елде болып жатқан қақтығыстар алдағы бір айда бүкіл әлемді футбол рахатынан айырмайды деп күтеміз.

 Қандай үлкен шара болса да, барлығы арнайы ашылу салтанатымен бастау алады. Сан-Паулодағы ашылу рәсімінің алғашқы бөлігі Бразилиямен таныстыруға арналды. Кейін карнавалдық би мен капоэйро көрсетілді, жейдесіне әр құраманың туларын тағып алған балалардың өнері. Жалпы, футболға, Бразилияға тән дүниелер. Салтанатты рәсім әлем чемпионатының ресми әнұранымен жалғасты. Жасыл алаңның қақ ортасынан орын алған шар тәріздес үлкен доптың ішінен шыққан Дженифер Лопес пен Питбуль стадиондағы жанкүйерлерді бір шулатып тастады. Бұларға бразилиялық әнші Клаудия Лейте қосылды. Жарты сағатқа жалғасқан ашылу салтанаты әлемдік доданың сөресі болды. Ал мәреге кімнің бірінші жететін бір айдан соң білеміз.