Қазақстандық хоккей клубтарының басшылары елімізде келесі маусымнан бастап Қазақстан Жастар Лигасын құру қажеттілігін мәлімдеді, деп хабарлайды шайбалы хоккейден Қазақстан федерациясының баспасөз қызметі.

Клуб басшылары бұл бастаманы Федерацияның бас директоры Юрий Зверевтің төрағалығымен өткен жиында көтерді. Жастар Лигасында 21 жасқа дейінгі хоккейшілер өнер көрсететін болады. Қатысушылар құрамы мен өткізу құрылымы жақын арада жасақталады. Жаңа жылға дейін жаңа Лиганың регламенті әзірленеді.

Сонымен қатар, жиын қатысушылары Қазақстан Кубогы мен Қазақстан Ашық чемпионатының құрылымын, ойын ережелері мен талаптарын талқыға салды. Пікірталас барысында клуб басшылары әр ойынға жас ойыншыларды жиі қатыстыру керектігін және командалар құрамына жастардың санын арттыру қажеттілігін атап өтті.