Қасиетті Рамазан айы қарсаңында мұсылман футболшылар туралы мағұлмат...Соңғы жылдары Еуропаның жедел мұсылманданып келе жатқаны жайлы жиі-жиі айтылуда. Уақыт өткен сайын асыл діннің аясы кеңейіп, қанатын кеңге жайып келеді. Оған дін қайраткерлерінен бөлек әйгілі мұсылман спортшылардың да қосып жатқан үлесі айтарлықтай. Өйткені спортта, соның ішінде футболда, хақ діннің қағидаларын өмірлік ұстанымына айналдырған ойыншылар аз емес. Ендеше ерекше ойынымен көзге түсіп, көпшіліктің көзайымына айналған мұсылман футболшылар жөніндегі деректерге көз жүгіртейік.Алдымен Франция құрамасы мен мюнхендік «Баварияның» ойыншысы Біләл Франк Рибериге тоқталайық. 2006 жылы Ислам дінін қабылдаған ол өзін мұсылман болғалы қауіпсіз және рухани тұрғыда еркін сезінеді екен. Діни көзқарасы жөнінде көп ашылып айта бермейтін Рибери барлығын ісімен дәлелдеуде. Жуырда оның ұсынысымен «Баварияның» алаңы «Алианс Арена» стадионының аумағында мешіт ашылды.Сондай-ақ, ол алкогольдік өнімдердің алдын алу мақсатында туған қаласы Бульон-сюр-Мерде халал бар ашып, француздардың ішімдіктен бас тартуына өз септігін тигізуде. Ал, әр ойын алдында екі қолын көкке созып, Жаратқаннан жәрдем тілеу футболшының бұлжымас дағдысына айналған. 2009 жылы қаңтар айында Меккеге барып, ұмра қажылығын өтеп қайтты.Бундеслигадағы биылғы жеңістерін атап өту барысында Джером Боатенг Риберидің төбесіне тобылғы торы бұлт төндіріп, сырадан жаңбыр жаудырған болатын. Сыра шашып сыйласу немістер үшін қалыптасқан дәстүр екені белгілі. Десек те, бәрінен дінін биік қойған ойыншы әріптесінің әрекетіне наразылығын білдіріп, бұл мұсылман үшін жат қылық екенін айтты.20 жасында, яғни, 1998 жылы Исламды қабылдап, дінге деген адалдығымен көпшілікке үлгі болған келесі ойыншы малилік Фредерик Умар Кануте. Кезінде Испанияның «Севилья» командасында жасындай жарқылдаған Кануте бүгінде Қытайдың «Бэйцзин Гоань» клубында тер төгіп жүр. Мұсылман болғалы намаз бен оразасын мүлтіксіз орындап жүрген ол Ислам дінінің көркеюіне айтарлықтай үлесін қосуда.2008 жылы Севильядағы жалғыз мешітке қаржы мәселесіне байланысты жабылу қаупі төнгенде өз қалтасынан 700 мыңнан астам АҚШ долларын шығарып, Алла үйінің аман қалуына басты себепші болды. Сондай-ақ, Кануте құмар ойындар сайтын жарнамалайтын команда жейдесін киюден бас тартуымен де жанкүйер жадында қалды. Өзінің бұл әрекетін Исламда құмар ойындарға тыйым салынғандығымен түсіндіріп: «Ислам мені өмірде және ойында сабырлы болуға үйретті. Ойыншы ретінде осы деңгейге жетуім – діннің арқасы. Сондықтан шариғат заңдылықтарын мүмкіндігімше орындауға тырысамын», – деген.Әлем футболының ең жарық жұлдыздарының бірі Зинедин Зиданның да мұсылман екені баршаға аян. Француз футболшысының тегі алжирлік араб. Өзінің мұсылман екенін мақтан тұтатын Зидан футболдағы мүмкін болған барлық жеңіске қол жеткізді. Бір сұхбатында тілшінің: – Дінге сенесіз бе?, – деген сұрағына, – Иә, мен – мұсылманмын! Он сегіз мың ғаламды жаратқан жалғыз Жаратушыға ғана сыйынамын. Алладан ғана жәрдем тілеймін, – деп жауап берген. Бүгінде ардагер ойыншы Рамазан айында Парижде жергілікті жамағатқа ауызашар беріп, қамкөңіл жандарға қамқорлық жасауды дәстүрге айналдырған.Жалпы, франциялық футболшылардың арасында мұсылман ойыншылар өте көп. Солардың ішінде Рибери мен Зиданнан бөлек, Николя Анелька, Эрик Абидаль, Тьерри Анри, Самир Насри, Кәрім Бензема, Бакари Санья сынды ойыншылар жанкүйерлерге жақсы таныс. Жуырда ғана Қытайдың «Шанхай Шэньхуа» командасынан А сериясындағы «Ювентустың» сапына ауысқан Анелька 2004 жылы БАӘ-де Ислам дінін қабылдап, мұсылманша Әбду-Салам Біләл есімін иемденген. Бұл әрекетінің себебін білгісі келгендерге: «Исламның негізгі қағидалары менің өмірлік ұстанымдарыма сай келеді», – деп қысқа ғана жауап қайырғанАл, «Барселона» ойыншысы Э. Абидальдың мұсылман болуына әйелі Хайет Кебирдің ықпалы зор болған екен. Үйленгеннен кейін тілін кәлимәға келтірген футболшы: «Жанымда маған екі керемет бала сыйлап қана қоймай, хақ дінге өтуіме себепші болған әйелім барда мен өте бақыттымын», – дейді.Ұзақ уақыт лондондық «Арсеналдың» көшбасшысы болған, бүгінде нью-йорктік «Ред Буллзде» доп тебетін Т.Анри ұлттық құрамадағы әріптестерінің себеп болуымен Исламға келген. 2006 жылы куәлік сөзін айтып, мұсылман болғалы Анри әр салған голы үшін Аллаға шүкіршілік айтып, жасыл алаңда сәжде жасауды әдетке айналдырды.Өткен жылы ағылшындардың «Манчестер Ситиінде» өнер көрсететін С.Насри Ораза айтпен қатар келген кезекті ойында гол соғып, жейдесіне жазылған «Eid Mubarak» сөзін камераға көрсету арқылы барша мұсылман қауымын құттықтағаны есімізде.Насридің командаласы кот-д’ивуарлық Коло Туре «Арсеналда» ойнаған кезінде әріптестері Әбу Диаби, Бакария Саньялармен жаттығудан кейін намаз оқу үшін мешітке баратындарын айтқан. Ал, інісі Яя Туре өткен маусымдағы «Ньюкаслға» қарсы өткізген ойында «матч ойыншысы» атануына орай сыйға берілген алкогольдік ішімдіктен бас тартқаны белгілі. Кейін ол: «Мен – мұсылманмын! Ал, Исламда алкогольдік ішімдіктерге тыйым салынған», – деп өз әрекетін түсіндірген. Кезінде «Барселонада» ойнаған Яя Туре бүгінде ағасымен бірге «Манчестер Ситидің» намысын қорғап жүр.Ағылшын премьер-лигасындағы мұсылман ойыншылары көп командалардың бірі – «Ньюкасл». Аталмыш ұжымның жеті бірдей ойыншысы Ислам дінін ұстанады. Олардың арасында Паписс Сиссе, Хатем Бен Арфа сынды белді футболшылар да бар. Әр ойын алдында намаз оқуды әдетке айналдырған олар арнайы орынның жоқтығынан киім ауыстыратын бөлмеде құлшылық қылуға мәжбүр болған. Осыны ескерген клуб басшылығы «Ньюкаслдың» стадионы Сент-Джеймс Парктен арнайы намазхана ашып, мұсылман ойыншылар үшін жағдай жасап берді.Жалпы, бұл игі іске клубтың бұрынғы ойыншысы, лондондық «Челсидің» қазіргі шабуылшысы Демба Ба себепші болған. Өйткені, ойын алдында намаз оқу әдеті осы футболшыдан қалса керек. Демба Ба да әр голын сәждемен атап өтетінін айта кеткен жөн.Португалия құрамасының бұрынғы ойыншысы, бүгінде спорттық ғұмырын аяқтаған Абель Шавьер де 2009 жылы Ислам дінін қабылдағанын және Файзал деген мұсылман есімін таңдағанын мәлімдеді. «Ислам дінін қабылдау арқылы өмірімнің жаңа белесіне қадам бастым», – деген ол алдағы уақытта діни білімін жетілдіретінін жеткізген.Германия құрамасы мен мадридтік «Реалдың» ойыншысы, тегі түрік Месут Өзіл керемет ойын өрнегімен қатар дініне беріктігімен де танымал.2011 жылғы кезекті эль-классикода каталониялық ойыншы Давид Вильямен жаға ұстасып қалып, екеуі де қызыл қағаз алған еді. Сабырлығымен танылған Өзілдің бұл әрекетін көпшілік түсіне алмай себебін өзінен сұрағанда, футболшы: «Вилья менің дініме тіл тигізді. Мен бар болғаны дінімді қорғадым», – деп мәселенің мәнін ашып берген.Өзіл әр ойын алдында «Фатиха» сүресін оқып, дұға жасайтынын тілшілерге айтқан болатын. Барлық жетістігі үшін Аллаға шүкіршілік қылатын ол өткен жылы Израильдің шабуылы салдарынан қаза тапқан 12 жасар палестиналық жеткіншектің суретін көріп жылап жіберген. Себебі, қайтыс болған бала Месуттың ойын формасын киіп жүрген екен. Бұл жайында өзінің туиттердегі парақшасына: «Менің жейдеммен футбол ойнаған палестиналық бала өлтірілген. Барлық құрбан болғандар мен жазықсыз зардап шеккендер үшін дұға қыламын», – деп жазады белгілі футболшы.Ойыншылардан бөлек бапкерлердің де арасында кәлима айтып, мұсылман болғандары жоқ емес. Солардың бірі – Бруно Метсю. Ол бұрынғы француз футболшысы. Алайда бапкерлігімен әйгілі болған Метсю 2002 жылы Исламды қабылдап, Абдул Кәрім деп атын өзгерткен. Корея мен Жапонияда өткен доп додасына Сенегалды бастап барған ол командасын ширек финалға дейін жеткізгені белгілі.Гус Хиддинк, Жозе Моуриньо сынды беделді бапкерлер де Исламды қабыл-дамағанымен қол астындағы мұсылман ойыншылардың әрекеттеріне түсіністікпен қараған. Мәселен, Түркия құрамасын жаттықтырған кезінде голландиялық бапкер жаттығуға қарамастан, ойыншыларын жұма намазына жіберіп отырған. Ал, португалиялық маман 2009 жылы италиялық «Интердің» тізгінін ұстап тұрғанда «Баримен» болған кездесуде ганалық футболшы Сали Мунтариды мерзімінен бұрын ауыстыруға мәжбүр болған. Оған – Мунтаридың ораза ұстап жүруі себеп. Осы жайттан кейін бапкер мен футболшының тарапына көптеген сыни пікірлер айтылған болатын. Алайда, Жозе мырза: «Мунтаридің шешімін сынауға болмайды. Өйткені, бұл – дін мен сенімнің мәселесі. Мен бұны қабылдаймын», – деп көпшіліктің сөзіне нүкте қойған еді.Соңғы кездері мадридтік «Реалдың» ойыншылары Криштиану Роналду мен Рикардо Каканың да Исламға қызығушылық танытып жүргені белгілі болды. М.Өзілдің айтуынша, Роналду Құран тыңдағанды ұнатады екен. Тіпті, «Фатиха» сүресін жаттап алған. Сондай-ақ, жуырда атақты ойыншыға Құранның португал тіліндегі мағына-аудармасы тарту етілді. Аталған сыйлықты қадірлеп ұстайтынын айтқан Роналду 2011 жылы алған алтын бутсысын аукционда сатып, түскен қаржыны Палестинада зардап шеккен балалардың есебіне аударған.Сондай-ақ, бразилиялық ойыншы Кака да Құранды адам мүмкіншілігінен тыс мұғжиза деп мәлімдеп, Алла сөзін тыңдағанды ұнататынын айтқан. БАӘ-не жасаған сапарында әйелімен бірге мешітке келіп, Ислам жайында уағыз тыңдағаны да жанкүйерлерге жария болды.Мексика құрамасы мен «Манчестер Юнайтедтің» ойыншысы, Чичарито деген лақап атпен танымал Хавьер Эрнандес туиттердегі парақшасына Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) адамзаттың ең асылы деп санайтынын жазса, бірнеше маусым ыстамбұлдық «Фенербахчеде» өнер көрсеткен бразилиялық футболшы Алекс де Соуза өзінің Құран Кәрімді толық оқып шыққанын мәлімдеген.Иә, бүгінгі таңда Еуропадағы ең белді командалардың барлығында дерлік мұсылман ойыншылар бар. Тіпті, «Барселона» мұсылмандардың саны жағынан рекордтық көрсеткішке жеткен. Соған байланысты Ислам әлемінде де жанкүйерлерінің артқаны анық. Осыны ескере келе, каталониялық ұжым басшылығы клубтың негізгі логотипіндегі крест белгісін алып, Ислам дініне, қатарындағы ойыншыларына және жанкүйерлеріне құрмет білдірген. Дәл осы қадамға мадридтік «Реал» да барғанын айта кетейік.Кезінде Мұхаммед Әли, Майк Тайсондардың Исламды қабылдауы қоғамда үлкен сілкініс тудырғаны белгілі. Ал, бүгінгі таңда футболдың қаншалықты танымал екенін ескерсек, жоғарыдағы айтылған атақты ойыншылардың әрекеттері де әліталай жанға ой салары сөзсіз.Еламан ҚОҢЫРОВ, «ҚАЗАҚ СПОРТЫ» ГАЗЕТІНЕН