Орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы, 33 жастағы австралиялық Дэниэл Гил Әлем чемпионы атағын жеңіп алуға барын салатынын мәлім етті. Ол 26 маусым күні Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden аренасында WBA (Super) дәрежесі бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы 32 жастағы қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге қарсы өткізетін кездесуде осы ойын жүзеге асыратынын айтты, деп хабарлайды sports.kz.

«Қазақстандық боксшымен жекпе-жекке шығатыным белгілі болғанда қатты қуандым. Өйткені, бұл күнді көп жылдардан бері күтіп жүрдім. Головкин бірнеше мықты боксшылармен кездескенін де, оларды айқын басымдықпен ұтқанын да көріп, біліп жүрмін. Оның соққысы жойқын екенін де білемін, ол сонысына сеніп, қорғанбастан ашық жүреді. Мен Генаның осы кемшілігін пайдаланып, оны жеңіп шығамын. Мен Головкиннің бүгінге дейінгі қарсыластары сияқты осал емеспін. Мен өзіме сенімдімін, әлі-ақ оның көкесін көзіне көрсетемін. Мен рингтен кетсем, тек чемпиондық белбеуді тағып қана кетемін», - дейді әрбір сөзінен менмендік байқалған австриялық боксшы.Бұдан бұрын Головкиннен қарсыласы жайлы не ойлайтыны жөнінде пікірін білгісі келген тілшілерге: «Дэниэл Гил өте мықты боксшы, сондықтан да оны қатты құрметтеймін. Онымен кездесетініме өте қуаныштымын. Жеңіске жету үшін қолымнан келгеннің барлығын жасап бағамын» - дегеннен әрі асып ештеңе айтқан жоқ болатын. Әрине, алдағыны бір ғана тәңірі біледі деген. Головкин де сол бұрынғы әдетінен жаңылмай, жауапты қысқа ғана қайырды. Ендігі жерде жерлесіміздің шаршы алаңға көтерілер күнін асыға күтіп, дүйім Қазақстан жұртшылығы мен Геннадидің шетелдердегі жанкүйерлері оған жеңіс тілеп отыр.Естеріңізге саламыз, Геннадий Головкин мен Дэниэл Гил арасындағы жекпе-жек 26 маусым күні Нью-Йорктегі 20 мың адамға шақталған Madison Square Garden аренасында өтеді.

bnews.kz