Астана қаласында 15 маусым күні әлем тарихында тұңғыш рет Аударыспақтан І-ші ашық Азия чемпионаты ұйымдастырылады.

Бұл туралы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығынан хабарлады.

Осыған байланысты, 14 маусымда Қазмедиа орталығында (ҚМО) Азия чемпионатының баспасөз мәслихаты мен палуандардың таныстырылымы өтеді.

Байрақты бәсекеге 11 мемлекеттің құрыш қолды, тақымы тастай палуандары қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұл жоба Қытай, Ресей, Түркия, Венгрия, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия және Қазақстанның сайдың тасындай іріктелген спортшылары арасынан Азия құрлығындағы аударыспақтан ең мықты палуанды анықтайды.

Чемпионат 70 келіге дейін, 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша өтеді. Жарыс соңында жүлде алған палуандар абсолютті чемпион атағын сарапқа салатын болады.

Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алуға тырысатын қазақтың ұлттық спорт түрінің бірі. Ат үстінде күресе білу үшін спортшыдан  күштілік, ептілік, төзімділік пен батылдық талап етіледі.