«Локомотивтің» бұрынғы қорғаушысы Родолфо Юрий Красножаннан кешірім сұрады. Ол бірнеше күн бұрын аталмыш бапкер «Анжиге» қарсы ойынды сатып жіберді деп айтқан болатын.

«Бұл сөзім осынша шу шығарады деп ойламап едім. Мен Красножанның ойынды сатып жібергенін нақты айтпадым, менде ешқандай дерек, ешқандай дәлел жоқ. Сол кезде мен командада болған жоқпын, сондықтан бұл жайлы үлкен сеніммен айта алмаймын. Мен жәй ғана басқа адамдардың айтқанын жеткіздім. Бірақ олар да матчтың таза өтпегенін тіке айтпаған болатын. Тек Смородская бұл туралы білді деп есептеді. Сосын мен сол сұхбатымда «білемін» емес, «ойлаймын» дедім. Бұл үлкен айырмашылық.

Кімнен естігенім бе? Олардың есімін айтпай-ақ қояйын. Бірақ қазір Ресейде жазылып жатқандар әділетсіз. Барлығы менің «Локомотивті» қалай жақсы көретінімді біледі. Бұл клубқа ешқашан жамандық тілемеймін. Менің дұрыс таралмаған сөздерім Ресеймен қатынасымызды бұзып жібере ме деп қорқамын. Мен қашан да жақсы жағымнан танылдым ғой. Соған дақ түскені өкінішті. Красножанды ренжіткенім үшін кешірім сұраймын. Мен бұлай болғанын қаламадым. Ешқашан адамдарға байланысты мәселем болмайтын, қазір де ешкіммен ұрысқым келмейді», - деді Родолфо «Советский спортқа».