Футболдан Әлем чемпионатының басталуына санаулы күндер қалды. «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісі сіздерді Бразилияда өтетін мундиальдің ең соңғы «Н» тобымен таныстырады.

Осыдан он екі жыл бұрын Корея мен Жапонияда өткен әлем біріншілігінде Бельгия мен Ресей бір топта өнер көрсеткен. Бұл жолы да екі құрама команда бір-біріне қарсы ойнайды. Сондай-ақ, олармен бірге Оңтүстік Корея және Алжир құрамалары бәсекеге түседі.

Жұлдызды Бельгия әлемді таң қалдыруға дайын

Өздерінің соңғы әлем чемпионатында, 2002-ші жылы Бельгия құрамасы Ресейді ұтып 1/8 финалға дейін жеткен болатын. Қазіргі таңда әлгі құрамадан ешкім қалған жоқ. Бельгия – Н тобының ең басты фавориті. «Қызыл сойқандардың» құрамы жасындай жарқылдаған жұлдыздардан жасақталған деп айтсақ қателеспейміз. Эден Азар, Маруан Феллаини, Тибо Куртуа, Венсан Компани, Ромелу Лукака, Аксель Витсель және тағы басқа әлем футболының жұлдыздары үшін бұл бірінші әлем додасы. Бельгияның жанкүйерлері өзінің ұлттық командасына үлкен үміт артады. Іріктеу кезеңде бірде-бір рет ұтылмаған бельгиялықтар әлем чемпионатында барша әлемді таң қалдыруға дайын. Жұлдызды команданың бас бапкері Марк Вильмотс. Капитаны – әлемнің ең үздік қорғаушылардың бірі Венсан Компани. Жуырда ғана МЮ-дің он тоғыз жасар жас жұлдызы Аднан Янузай ұлттық құрамаға шақыртылды. Дегенмен, Бельгия оңай топқа түсті. Ресей, Алжир мен Оңтүстік Кореяны ұтуға жұлдызды команданың шамасы жетеді. Тіпті жартылай финалға шығып жатса таң қалмаңыз. 

 

Капеллоның жігіттерінен не күтеміз?                                    

ЕУРО 2008-де әлемді таң қалдырған ресейліктер өз ерліктерін Бразилияда қайталауға ниетті. Осы мақсатта командаға атақты итальяндық маман Фабио Каппело келді. Әйгілі бапкердің көмегімен Ресей құрамасы өз тобында бірінші орын алды. Алайда команданың жұлдызы – Андрей Аршавин әлем чемпионатынан тыс қалды. Сондай-ақ, Роман Павлюченко, Артем Дзюба секілді мықты ойыншылар ұлттық құраманың ойындарын теледидар арқылы көреді. Дегенмен, әлем чемпионатына дайындық барысында Ресейдің жетекші ойыншысы мен капитаны Роман Широков жарақат алып Бразилияға бара алмайтын болды. Бұл мәселе ресейліктер үшін ауыр болмақ. Себебі барлық ойын Широков арқылы жүретін. Әйтсе де Каппело өте білікті маман. Командасында жұлдыздардың жоғына қарамастан, өте мықты ұжымды жасақтады. Атақты Моуриньо өз болжамында Ресейліктер топтық кезеңде бірінші орын алып 1/8 финалға дейін жетеді деген.  Кім біледі? Мүмкін қолдарынан келіп те жатар...   

 

Қайтпас-қайсар команда

Әлем чемпионатындағы тағы бір мұсылман команда – бұл Алжир. Әлем чемпионатына іріктеу кезеңде «жасылдар» тартысты өрбіген плей-офф матчында Буркино-Фасодан басым түсті. Осыдан төрт жыл бұрын африкандықдар өз құрлығында өнер көрсеткен. Азулы Англия құрамасымен тең түскен Алжир құрамасы Словения мен АҚШ-қа жол беріп, топта соңғы орын алды. Тағы бір қызықты жайт, олар аталмыш әлем чемпионатында қарсылас қақпасына бірде-бір гол соға алмады. Қазіргі таңда, команданы босниялық маман Вахид Халилходжич жаттықтырады. Командада өте көп футболшылар еуропаның орта деңгейлі командаларында ойнайды. Тек қана команданың тәжірибелі капитаны Маджид Буггера Катар чемпионатында доп тебеді. Алжир, Ресей мен Оңтүстік Корея құрамалары арасында екінші орын үшін қызықты талас өтейін деп тұр. Десекте, Алжир құрамасы кейбіреулер үшін әлі де құпия.   

 

Оңтүстік Корея 2002-ші жылғы нәтижесін аңсап жүр

2002-ші жылы үлкен даудың себебі болған Оңтүстік Кореялықтар кезекті рет әлем чемпионатының ақтық кезеңіне шығып отыр. Қазылардың көмегімен 2002-ші жылы Италия, Испания, Португалия (!!!) құрамаларын тізе бүктірген азиялықтар ендігі жолы өз күштерімен ерліктерін қайталамақ. Команданың беделді ойыншысы Пак Жи Сун үлкен спортпен қош айтысқан соң, команданы жас ойыншылар алға жетелеуде. Бұрынғы құрамаларымен салыстырғанда Бразилияға өз отанында өнер көрсеткен жігіттер аттанады. Жергілікті маман Хон Мен Бо ел чемпионатында өнер көрсететін жас ойыншыларға үміт артуда. Оңтүстік Корея – Азияның ең беделді командасы. Сондай-ақ, Әлем чемпионатының финалдық кезеңдеріне жиі шыққан құрамалардың бірі. Осыдан төрт жыл бұрын кореялықтар 1/8 финалға дейін жеткен болатын. Ал, 2006-шы жылы тобынан шыға алмады. Бұл жолы не болатынын уақыт көрсетеді.   

 

 

Шолушы: Қайсар ОҚАС