WSB жобасының IV маусымына дебютант «Куба Домадорес» жеңіспен нүкте қойды.

Бакудегі «Серхеджи» спорт кешені екі күн бойы бокспен  тыныстады. Жымыңдаған «Баку оттары» да сөнді-ау ақыры. Шын мықтыға тұсау жоқ екенін Куба боксшылары айдай әлемге паш етті.  Көпшілік күткен жеңіс бұл. Әділдікті жақтаған ағайын кубалықтардың тілеуін тіледі. Төрешілерден теперіш көрген қазақстандық жанкүйерлердің де тілеуі осы еді.

 

Әйгілі Теофилио Стивенсон, Феликс Савонның ізбасарлары  жаңа жобаны да жатсынған жоқ. О бастан-ақ фавориттердің санатынан тұғын. «Өлім тобынан» кіл мықтыларды ықтырып шықты. Плей-офф бәсекелерінде «АҚШ нокаутшыларын», Ресей құрамасын  тізерлеткенін көрдік. Міне, үнемі төрешілердің бүйрегі бұрып тұратын «Баку оттарынан» да жеңісті жұлып алды.

Куба феномені даусыз жеңді. Кейбір жекпе жектерге төрешілердің араласқанын да көз көрді. Мәселен, Лазаро Алварез, Ясниэр Толедоны жеңілді деуге келмейді. Алыптардың бәсекесі де осындай ойға жетелейді. Бәсеке тағдырын қосымша жекпе- жекте әлем чемпионатының финалисі Арисноидис Деспейн шешті. Евгений Рамашкевичтің сілікпесін шығарып.

Әрине, шын мықтының оза шапқанына көңіл хош. Көкейде сауал көп. «Астана арландарының» орта жолда сүрінгеніне іште қыжыл бар. Кубокті екінші қайтара төбеге көтеруге мүмкіндік бар еді…Енді бар кінәні төрешілерге артқаннан басқа қолдан не келер?

Болар іс болды, бояуы сіңді. Келешектен үміттенейік. Ендігі маусым бұдан да тартысты өтетін түрі бар. Бакуде алдағы V маусымның  жай-жапсары сөз болып, бірқатар өзгерістер енгізілді. Қатысушы командалардың саны  15 ке жетті. Қытай,  Марокко және  Венесуэла да жаңа маусымда жаңа команданы үкілеп қоспақ ниетте.  2016 жылғы Рио де Жанейро олимпиадасына алғашқы жолдамалар легі де осы жобаның жаңа маусымында таратылады. WSB және APB жобасынан 63 олимпиада лицензиясы өз иесін күтеді. Келесі маусым 2015 жылдың қаңтарынан басталатынын да естеріңізге саламыз.

Куба – Әзірбайжан 

3:2

49 келі: Иосбани Вейтиа —  Хамза Наметов  3:0

56 келі: Норлан Иера  — Магомед Гурбанов 0:3

64 келі: Ясниер Толедо —  Гайбатулла Гаджиалев 1:2

75 келі: Арлен Лопез  — Хейбулла Мурсалов  3:0

91 келі: Эрисланди Савон  — Абдулгадир Абдуллаев 3:0

Куба– Әзірбайжан

3:3

52 келі: Херардо Сервантес  — Элвин Мамишзаде 0:3

60 келі: Лазаро Алварес  — Альберт Селимов  1:2

69 келі: Рониэль Иглесиас — Магомед Нурудинов  3:0

81 келі: Хулио Сезар Ла Круз — Михаил Довгалевец 3:0

91 келі: Хосе Анхел Лардеут  — Арсланбек Махмудов 1:2

69 келі: Арисноидис Диспейн  — Евгений Рамашкевич 3:0