Бүгін Алматы облысының Іле-Алатау баурайында АИБА әлемдік бокс қауымдастығының жаңа Академиясы салтанатты түрде ашылды.  

АИБА Академиясы – бұл әлемде теңдесі жоқ, бокспен айналасу үшін барлық қажетті жабдықтармен қамтылған оқу-жаттығу комплексі. Бұның ішінде – 8 шаршы алаң, 25 метрлік жүзу бассейні, футбол, баскетбол, теннис, воллейбол алаңдары, халықаралық стандартқа сай қонақ үй, асхана және оқу-білім корпусы бар. Алдағы уақытта комплексте медицина орталығы, физиотерапия және зертхана ашу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, жаңа академияның ашылуына байланысты Қазақстан бокс федерациясының бұрынғы президенті Хвай Юрий Андреевич, әйелдер боксының басқарушысы Маржықпаев Берік Борамбайұлы мен Олимпиада чемпионы Серік Жұманғалиұлы Сәпиевтің қатысуымен баспасөз-маслихаты өтті.   

Хвай Юрий Андреевич:

- Өздеріңіз көргендей, бұл әлемде теңдесі жоқ керемет комплекс. Бізде мұндай  академияның салынуы арман еді. Ел басымыздың арқасында міне Алматыда бірегей Академия салынды. Осылайша, Қазақстан – әлемнің бокс орталығына айналды. Былтырғы ерлер арасындағы әлем чемпионатында біздің жігіттер жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған болатын. Жуырда жастар құрамамыз әлем чемпионатында топ жарды. Осының бәрі, Қазақстан бокстан көшбасшы мемлекетке айналғанын дәлелдейді.     

- Бұл құрылысқа қай жерден қаржы көп бөлінді, АИБА-дан ба әлде Қазақстан бокс федерациясынан ба?  

- Әлемдік бокс қауымдастығының өтініші бойынша, Қазақстан бокс федерациясы осындай жобаны жүзеге асыру мақсатында мемлекетке ұсыныс жіберді. Еліміздің бокстағы бай тарихымызды, дәстүрімізді ескере отырып, ел басы бізге қолдау көрсетті. Дегенмен, ары қарай бұл проекті күту АИБА-ның міндеті. Еліміз бұл объектіні салды, АИБА оны басқарады.  

Олимпиада чемпионы мен спорт директор Серик Сапиев:

- Ұлттық құрамаға алғаш рет шақыртылғанымда біздің жағдайымыз қиын болатын. Шипажайларда тұратынбыз, автобуспен залға жету үшін қырық минуттай жүретінбіз. Арнайы рингтер болған жоқ. Ал мұнда келген соң бірден таң қалдым. Жаттығу объектілері, футбол, теннис, воллейболға арналған алаңдар барлығы бар. Елімізде осындай академияның салынғанына өте қуаныштымын. Бокспен айналасу үшін барлық жағдай жасалған. Болашақта мұнда бапкерлер мен төрешілер семинарларын өткізу жоспарлануда. Негізі бұл құрылыс Канадада салынуы тиіс еді. Бірақ, олар мұндай құрылыстан бас тартты. Осылайша, АИБА бізге ұсыныспен шықты. Тимур Құлыбаев Асқарұлының қолдауымен міне осындай керемет академия дүниеге келді. Академия таулы жерде орналасқан, физикалық жаттығулар үшін ең қолайлы жер. Барлығы еліміздің боксы үшін. Боксшыларға айтарым, осында келде – бокспен өмір сүр.  

Әйелдер бокс құрамасының жетекшісі Маржықпаев Берік Борамбаевич:

- Құрылыс барысында барлық нюанстар мен бапкерлердің талаптарын ескердік. Барлығы халықаралық стандарттарға сай салынды. АИБА өкілдері осында келгенде көңілдері толып, АИБА президенті доктор ВУ-дың өзі бұл құрылысқа үлкен баға беріп кетті. Қазақстан бокс Федерациясының мақсаты бұл Академияда жиі шаралар өткізу. Тағы да бір рет  Тимур Асқарұлы Құлыбаевқа өз алғысымды білдіремін.  

 

Айта кетер жайт, АИБА халықаралық бокс академиясының ашылу мерейтойына Қазақстан боксының ардагерлері Серік Нұрғазев, Асылбек Килимов, Кәрімжан Әбдірахманов пен Михаил Юрченко қатысты.