Көп құрама әлем чемпионатына дайындық үшін арнайы кездесулер өткізіп жатқаны мәлім, ондай додадан тысқары қалған Қазақстан құрамасы да жолдастық кездесуде бағын сынады. Кеше ғана бірінші командамыздың бас бапкері Юрий Красножан 51 жасқа толған болатын, мұндай аталмыш мерекеде бұл маман үшін ұлттық құрамамыздың атынан қандай сыйлық маңызды болмақ? Әрине, жеңіс.

Үшінші минутта-ақ қазақстандықтар қауіпті шабуыл жасады. Кезіндегі «кеншілердің» қос мергені Финонченко мен Хижниченко жұбы өзара нәтиже алып келуге жақын қалды. Алайда соңғысының бағыттаған соққысы қақпадан сәл қиыс кетті. «Ференц Пушкаш» стадионы бір деммен Венгрия футболшыларын алға жұмсады. Осыдан арқаланды ма, венгиялықтар өз жауабын қатты. Оң қанаттан әуелеген допқа алаң иелерінің шабуылшысы бірінші жетіп, қақпаға баспен соққы бағыттап үлгерді. Қожайындардың өкінішіні қарай, доп Сидельников қақпасынан қиыс кетті. Бұл шабуыл алаң иелеріне шабыт берсе керек, қазақстандықтарға допқа ұзақ уақыт иелік ету мұң болды. Венгриялықтар қос қанаттан алма кезек қонақтардың айып алаңына пас асырумен болды. Соңғы мезетте ғана біздің қорғаныс сыр бермей жатты. Бұл 26-минутқа дейін созылды. Бұрыштан әуелеген допты кері қайтару үшін қазақстандық қорғаушылар қозғалған жоқ. Тиісінше, Прискин біздің ойыншыларды осы үшін жазалады. Сидельниковте ойынды құтқаратын мүмкіндік болмады. Санаулы минуттардан соң Коробкин таразы  басын жылдам теңестіріп тастауға жақын болды. Алайда Қазақстанның 21-нөмірі дәл қақпашыға тепті. Үзіліске дейін алаң иелері есепті еселеп кете жаздады. Сол қанаттан Ролан Варга қараусыз қалып, айып алаңына енер тұста Прискинге пас асырды. Алайда венгриялық капитанның дубль жасауына біздің қорғаушылар мүмкіндік бермеді.

Екінші таймның басында қос құрама да бірнеше мәрте ұмтылыс жасады, алайда оның ешқайсысы қақпаға соққы бағыттаумен аяқталған жоқ. Үзілістен кейінгі алғашқы минуттарда ауыз толтырып айтарлықтай бір ғана жағдай болды: 62-минутта қызуғанды Валерий Коробкин екінші сары қағазын алып, матчты ерте аяқтады. Сол нүктеден венгриялықтар екінші голын салды. Бұл жерде қақпашы Андрей Сидельников өрескел қателік жіберді. Тіке бағытталған соққыны Андрей қолында ұстап тұрып, жіберіп қойды.  Дөңгелек доп секіріп барып, қақпа сызығынан өтіп кетті. Шабуыл өтіне шыққан Юрий Кроснажанның тың ойыншылары да қатырып ойнамады. Керісінше Футаш сол қанаттан айып алаңына еніп, қақпа аңғарына соққы бағыттады, бұл жолы Сидельников орнынан табылды. Қос құрама да ойын тағдыры шешілді деп есептеді ме, қалған минуттарда аса үлкен күш салып ойнамады. Десек те, венгриялықтарға үшінші голды салу үшін аса көп күш те қажет болмады. Симонның пасынан кейін Бундеслигадағы легионеріміз Константин Энгель домалап барып, өз қақпасына допты теуіп жіберді. Осылайша Қазақстан құрамасы Юрий Кроснажанның тізгінді ұстағалы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Бұл оның бар болғалы екінші кездесуі екенін естеріңізге саламыз.     

Венгрия – Қазақстан 3:0 (1:0)

Голдар:  1:0Прискин 26, 2:0 – Варга 63, 3:0 – Энгель автогол 30

Венгрия: Розса, Хефлер, Лэнг, Корхут, Наги (Ковач 55), Жидай, Прискин (К) (Футаш 81), Дьюрчо (Симон 77), Варга Р. (Николич 87), Корчмар, Вечеи (Калман 79) ;

Қазақстан: Сидельников, Малый, Абдулин, Қонысбаев (Лунин 79), Кислицын (Сүйімбаев 46), Хижниченко (Щеткин 70), Хайруллин (Тағыберген 65), Финонченко (К) (Исламхан 59), Богданов (Карпович 87), Энгель, Коробкин;

Алаңнан қуылды: Коробкин 62;