Жарысқа қатысушылар қазір жолдастық кездесулерге кезек беруде. Алаң иелері, әрі кубок ұстанудан бірден бір үміткерлер саналатын Бразилия құрамасы Сербиямен алаңға шықты.

Луис Фелипе Сколари шәкірттерінің ойын өрнегіне дау айтатындар көбейіп тұрғаны белгілі. Осы ойын кезінде де жанкүйерлер өз футболшыларына өкпе артысты. Тіпті ысқырып, матчтың берекесін қашырды. «Оған біз мойымаймыз. Жетпіс мың көрерменге түгел ұнау мүмкін емес»,-депті Бразилия құрамасының бас бапкері Сколари. Енді ол өз шаруасы. 

Кездесуге келсек, матчтың 75-минутында Фред мергендік танытып, Бразилия 1:0 есебімен жеңіске жетті. Сколари Виллианға емес, Оскарға сенетінін тағы байқатты. Паулиньо мен Луис Густаваға да бүйрек бұрады екен. Қақпаны Жулио Сезар күзетті. Қорғаныста Давид Луис пен Тиагу Силва, Марсело мен Даниэль Алвеш жүрді. Халк пен Неймарға да негізгі құрамнан орын табылды.