Ресей құрамасы Бразилиядағы әлем чемпионатына аттанбас бұрын жолдастық кездесуде Морокконы жеңді.

Ресейліктер бұл қарсыласын бекерге таңдаған жоқ. Морокколықтардың ойнау стилі Фабио Капелло командасына топтық кезеңде қарсылас болатын Алжир құрамасына ұқсайды.

Алдыңғы ойындардағыдай еуропалықтардың сапында капитаны болмады. Жарақатынан жазылып үлгермеген Роман Широков әлемдік додаға бармайтын болды. Ал оның орнына қазандық Рубиннің ойыншысы Павел Могилевец келді.

Ал ойынға келетін болсақ, матч 2:0 есебімен солтүстік көршілеріміздің пайдасына шешілді. Алғашқы голды бұрыштан әуелеген допқа бірінші жеткен Василий Березуцкий салды, ал екінші рет марокколықтардың қақпасынан Юрий Жирков саңлау тапты.

Ресей – Марокко 2:0 (1:0)

Голдар: 1:0 – В. Березуцкий (29), 2:0 – Жирков (57)