Елімізде өткізіліп жатқан «Coca Cola Былғары доп» турнирінің ең үздік үш ойыншысы футболдан Бразилияда өтетін әлем біріншілігінің ашылу салтанатына қатысады. Олар: 14 жастағы Тәукехан Жүніс, Шадияр Арынтай және Айдос Пошан.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Кока-Кола Алматы Ботлерс» компаниясының ресми өкілі Әлима Исимбаева мәлімдеді.

«Балалар бұл сапардан үлкен әсер алады, өздеріне жаңа достар табады, атақты футболшылармен тілдеседі деген үміттемін. Олар 8 маусымнан 9 маусымға қараған түні Алматы қаласынан ұшып шығады. 9 маусым күні Бразилияда болады. Сан Паулу қаласының іргесінде орналасқан арнайы кампуста тұрақтайды. Бағдарлама бойынша балалар әлем біріншілігінің ашылу салтанатына қатысады. Алаңға шығады. Кейін алғашқы матч: Бразилия мен Хорватия құрама командалары арасындағы ойынды тамашалайды. Сонымен қатар басқа да мәдени шараларға қатысады. Мұражайларда болады. Сондай-ақ «Copa Copa-Cola» халықаралық турнирінің матчтарын тамашалайды. Балалардың Бразилияға сапары 15 маусымға дейін созылады. Барлық шығандарды компаниямыз өз мойнына алып отыр», - деді өз сөзінде Әлима Исимбаева.

Осы баспасөз мәслихатына қатысқан Айдос Пошан қуанышын жасырмады. «Арнайы комиссия мені таңдағанда қатты қуандым. Арманым - жақсы ойнап, Қазақстанның атын шығару. Мен осындай турнирдің арқасында Бразилияға барайын деп отырмын. Қуанышымда шек жоқ», - деді Айдос.

Бразилияға баратын балаларды Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілдә Байшақов басқарған арнайы комиссия іріктеп алған.

«Неге тек үш бала? «Copa Copa-Cola» халықаралық турнирінің ұйымдастырушылары, Қазақстанға үш квота берді. Негізі футболдан әлем біріншігінің өз комиссиясы бар. Квоталарды сол комиссия бөледі. Ал «Copa Copa-Cola» халықаралық турнирінің ұйымдастырушылары сол бөлінген квоталар бойынша өз кезегінде лайықты елдерді іріктеп, сол елдердегі футболдың дамуы мен жетістігіне қарай квоталарды таратады. Бізге үш квота бұйырды. Бұл Қазақстан үшін үлкен жетістік», - деді «Coca Cola Былғары доп» турнирінің үйлестірушісі Фархад Сейітов.

Тағы бір айта кететін жәйт, Халықаралық футбол федерациясы балалар мен жасөспірімдер футболы бойынша 10 үздік елді таңдады. Бұл тізімге тұңғыш рет Қазақстан еніп отыр.