Жағажай футболынан өтіп жатқан Еуропа чемпиондарының кубогында Қазақстанның «Ұшқын-Искраның» командасы мен Түріктің «Сеферихисар» командасы арасындағы ойын өте тартысты өтті.

Бірақ... Өкінішке қарай, жерлестеріміз өздерінің дебютті кездесулерінде 3:5 есебімен жеңіліп қалды. Сарапшы мамандардың айтуынша »Сеферихисар» қазақстандық команданы ресейлік легионер Борис Еремеевтің арқасында жеңді. Айта кетейік, Еремеев екі дүркін әлем чемпионы. Өте тәжірибелі шабуылшы.

 

 

Алдымен Ресей ұлттық құрамасының шабуылшысы әдемі комбинацияны ұйымдастырып, қорғаушымыз Нұржан Әбдрасылов ойын ережесін бұзуға мәжбүр болды. Семих Түркмен пенальтиді мүлтіксіз орындап, түріктерді алға шығарды. «Ұшқын-Искра» есепті теңестіру үшін қолдан келгендерінің барлығын жасады. Бірақ Мұрат Құдайбергенов пен Қуат Шынықұловтың жойқын соққыларын түрік қақпашысы Мутлу Көктас әупірімдеп болса да қайтарып, үзіліске командамыз 0:1 есебімен шықты.

 

Екінші кезеңде түріктер есепті ірі 0:3-ке дейін жеткізді. Алдымен Борис Еремеев алыс бұрыштықты дәл көздесе, сосын Борис дубль авторы атанды - қайшылап тепкен добы қақпа торында тулап жатты. «Ұшқын-Искра» сапынан алғашқы голды Нұржан Әбдірәсілов соқты. Абай Ералы сырттан допты ойынға қосқанда Нұржан кеудесімен тосып қақпашыға тосыннан соққы жасады. Алайда қазақстандықтардың қуанышы ұзаққа бармады. Шабуылға қызығып кеткен «Ұшқын-Искра» ойыншылары қорғанысты бір сәтке ұмыт қалдырғанда тағы да сол ресейлік Борис Еремеев қарсы шабуылда қақпашымыздың осал тұсын тапты. Араға ұзақ уақыт салмай Біржан Оразов қақпаның алыс бұрыштығын баспен дәл көздеді. Біздің футболшылар бірнеше рет өткір шабуыл жасағанымен, қарсылас қақпашысы жоғары шеберлі ойыншы екенін көрсетті. Біздікілер есепті теңестіреді деген сенім мол еді. Алайда матчтағы соңғы нүктені «Сеферихисара» ойыншылары қойды. Марианна Мачуке алыстан соққы жасап, командасына жеңіс сыйлады.