Сәрсенбіде Гибралтар құрамасы УЕФА тізіміне кіргелі бесінші жолдастық матчын өткізді. Мальтаға қарсы болған кездесуді аралдықтар 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді.

64-минутта 27 жастағы Кайл Кашаро Джозеф Чиполинаның қақпасынан саңлау тауып, өз құрамасына алғашқы жеңісін алып келді. Соңғы ысқырық естілген соң, УЕФА-ның жас командасы өз алаңындағы ойындарды өткізетін португалиялық Фару қаласындағы стадионда Гибралтар жанкүйерлерінің қуанышы көкке жетті.

«Ұлы жеңіс. Алғашқы жеңісіміз үшін қуаныштымын», - деді Кайл Кашаро Tweeter желісіндегі жеке парақшасында.

«Бүгін біз жаттығу кезінде көп тер төккен ойымызды іске асырдық – ойын кезінде жоспардан ауытқымай, допқа иелік етуге тырыстық», - деп команда капитаны Рой Чиполина ағынан жарылды. – Біз кәсіпқой футбол көрсеттік деп ойлаймын, осы жеңісімізге қуаныштымын.»

Оның «Линкольндегі» әріптесі Райан Кашар былай деді: «Біз тұтас ойнап, қарымта шабуылда жақсы өнер көрсеттік. Осы жоспарды ұстанып, әлі де дами түсуіміз керек. Матчтағы ең қауіпті шабуылдарды біз ұйымдастырдық, сондықтан жеңіске лайық болдық».

Райан Кашар екі есе қуанышты болуға тиіс, себебі жеңіс голын оның інісі соқты. Тек бір өкінетіні – оның ағасы Ли тізесінің жарақатына байланысты ойнай алмады: «Туған бауырларыммен бір командада ойнау тамаша ғой. Ли жақын арада жазылады деп сенемін.»

Гибралтар УЕФА құрамына кіргелі алғашқы ресми матчын 7 қыркүйекте Польшаға қарсы ойнайды. Аталмыш кездесу ЕВРО-2016 іріктеу кезеңінің В тобындағы алғашқы тур аясында өтеді.