Алматыда өтіп жатқан әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионатында сегіз қазақстандық боксшы жартылай финалда жеңіске жетіп, алтыннан алқа тағынуға мүмкіндік алды. Тағы екі қазақстандық қола медальға қанағат қылды, деп хабарлайды ҚБФ-ның ресми сайты.

Әскери қызметкерлер арасындағы әлемдік доданың финалистері мынадай: Олжас Байниязов (49 келіге дейін), Олжас Сәттібаев (52 келіге дейін), Қайрат Ералиев (56 келіге дейін), Бекман Сойлыбаев (60 келіге дейін), Бобыржан Момынов (75 келіге дейін), Арман Рысбек (81 келіге дейін), Асқар Абдуллаев (91 келіге дейін) және Қамшыбек Қонқабаев (91 келіден жоғары).

Қола медальға ие болған Елдос Сарқұлов (64 келіге дейін) жартылай финалда тунистік Алаа Шилиге 1:2 есебімен жол берді, ал Сағадат Рахманқұлов (69 келіге дейін) Еуропа чемпионатының және Олимпиада ойындарының жүлдегері француз Алексис Вастиннен айласын асыра алмады.