Денис Тэн Қазақстан халқына ұмытылмас шоу тарту етті. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен мұз үстіндегі жаңа шоуға әлемге танымал мәнерлеп сырғанаушылар мен өнер жұлдыздары қатысты. «Денис Тэн және достары» деп аталатын мұз үстіндегі қойылым екі сағатқа созылды.

Шоу басталмас бұрын қалың жұрт Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдында жиналды. Әлде біреулер мерекеге кірудің жолын таба алмай алыпстарларға жем болып жатса, билетті бірінші болып сатып алғандар қуана шаттанып есіктердің ашылуын күтті.Шоу расымен де жанкүйерлердің көңілінен шықты. Мерекелік кешті мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада ойындарының қол жүлдегері Денис Теннің өзі ашты. Әуезді ән мен мұз үстіндегі көркем көрініс үйлесімін тауып, толған зал тамаша күй кешті. Олимпиада чемпиондары Алексей Ягудин мен Эван Лайсачек, Бриан Жубер мен Стефан Ламбьельдің сырғанауынан қалың жұрт ерекше әсер алды. Әр сәтте спортшының ішкі күйін сезінуге тырысқан жанкүйерлер қол шапалағын аямады.

Еуропаның үздігі, Гран-При финалының жеңімпазы аты аңызға айналған Каролина Костнер көрерменге биден шашу шашты. Ресейлік дуэт Татьяна Тотьмянина мен Максим Маринин де шет қалмады. Ал Еуропа чемпионы, орында айналу әдісінің хас шебері Стефан Ламбьель тіптен көрерменді елжіретіп жіберді.

Мерекелік кештің екінші бөлігінде Джоани Рошетт, Бриан Жубер, Максим Траньков пен Татьяна Волосожар қызықты билерін жұртшылыққа паш етті. Ал кештегі басты тұлға Денис Тен «Тұран» этно-фольклорлық тобының шығармасына қазақи нақышпен би биледі.«Бүгінгі кеште бізбен бірге болып қолдау көрсеткен барша жанкүерге алғысым шексіз. Бұл қайталанбас, ерекше шоу. Бұл нағыз мейрам, барлықтарыңызға рахмет», - деді Тен.

Әлемдік деңгейде өткен көркем шара бүгін да жалғасын табады. Денис пен оның достарын астаналық жанкүйерлер мамырдың 1-і күні «Алау» мұз айдынында күтеді. Айта кетер жайт, билет сатылымынан түскен қаржы жасөспірімдер спортын дамытуға және еліміздегі мәнерлеп сырғанау мектептерінің керек-жабдықтарына жұмсалады.