Болгарияның бас қаласы София төрінде қазақтың Әнұранын шырқатып, туын көкке көтерді. Өзегімізді жарып шыққан өз өрендеріміз. Оңтүстіктің қос қыраны. Тарихы қат-қабат қазақ боксының құдіреті бұл. Жастар арасында бокстан әлемнің алтынын тұп тура он екі жыл күтіппіз. Үзілген дәстүрді қайта жалғаған жас өрен Шалқар Айқынбай. Сұлтан Зауырбек те ел намысын қорғап, күміс жүлдені мойнына ілді. Шымкенттен аттанған қос оғланның да қанжығасы қоңды. «Болар баланың бетінен қақпа, белін бу» дейді қазекем. Бүгінгі жас ертеңгі арқа сүйер азаматың. Жеңімпаз ұлдармен әңгімелестік. Қуанышына ортақтасып. Мұнымен шектелмек емес. Бағындырар биік әлі алда. Екеуі де тек алтын үшін барғанын іркілмей айтады.                                                                                                    «Алтын алу үшін бардық»– Жігіттер, бірің алтын, бірің күміс жүлдегерсің. Ішкі есептеріңді толық іске асыра алдыңдар ма?С.З: Әуелі әлем чемпионатының жолдамасы үшін де біраз тер төккенімізді айтайын. Бірқатар турнирге қатысып, кем-кетігімізді түзедік. Азия чемпионатында топ жарғаннан кейін сенімділік нығайды. Бапкерлердің, елдің үмітін ақтау міндет. Басты мақсатымыз он екі жылдан бері қол жетпеген биіктікке шығуды ойладық. Күміс бұйырып тұр екен. Оған да қанағат деймін. Бұл тек басы деп айтайын. Жастар сапында күмісті иемденген марқұм Бекзат Саттарханов ағамыз кейіннен Олимпиада чемпион болды емес пе?! Сол сияқты біздің де келешектен күтеріміз мол.– Ш.А: Қызылордада өтен ел чемпионатын ұтып, Софияға жолдаманы жеңіп алдым. Бапкерлеріміз қыр соңымыздан қалмай, жауапты сынға тыңғылықты даярлады. Тек алтын үшін барып едім, жоспарымды орындап шықтым. Елдің даңқын көтеремін деген ниетіме Алла жеткізді. Ешбір бәсеке оңай болған жоқ. Әр елдің мықтылары келген. Ата-ана, дос-жарандар, барша жанкүйерлерімнің сенімін ақтадым деп ойлаймын.– Көп күштеріңді сарқып алған жекпе жек қайсы?– С.З: Жартылай финалда ағылшын өренімен болғас айқас есте қалыпты. Еуропалықтар физикалық тұрғыда мығым. Жолымызға үмітпен қараған елімді ойлап, соңына дейін тірестім. Куба боксының шоқтығы әманда биік. Финалда Хавьер Эрнандес тактика жағынан алдап соқты. Ойымдағыны істей алмай, соның әдісіне кіріп кетіппін.– Ш.А: Барлық жекпе-жектің өз қиындығы болады. Ширек финалда жапониялық қарсыласым біраз титықтатты. Субару Мурата дамылсыз соққылайтын боксшы екен. Жылдамдығын үдете түсіп, шаршау дегенді білмейді. Өзінің мәнері солай ма, әлде. Осы бәсекеде сәл шаршап қалғаным болмаса, оның ыңғайына жығыла қойған жоқпын. Жартылай финалда үндістандық боксшы техника жағынан алдап соқпақшы еді, бірақ оған мүмкіндік бермедік. Өзбек өрені Сүлеймен Латипов былтырғы Киевтегі әлем чемпионатына қатысқан, тәжірибесі толысқан спортшы. Өзбектен ұтылсам, елге қай бетіммен қайтарымды ойладым. Намыс жібермеді.– Төрешілердің қырын қараған кезі болды ма?– Ш.А: Қыспады десек, өтірік болар. 64 келідегі команда капитаны Аян Қалыбековтың жолына қазылар бөгет болды. Әтпегенде, алтыннан үміткердің бірі еді.– С.З: Шаршы алаң иесімен тең айқассаң, онда тағдырыңды төрешілер шешуі мүмкін. Меніңше, 81 келідегі Вадим Казаковтың да алтыны осылай қолдан сусып кетті. Бокста ондай қысым болатыны заңды. Ондайға үйреніп те қалдық.                                                                                                   «Сарай қаңырап бос тұрды» Әлем чемпионатының ұйымдастырылуы жайында не айтуға болады? Нені байқадыңдар?С.З: Болгарияға бірінші рет баруымыз бұл. Ұйымдастырылуына көңіліміз тоқ. Тек ауа райының ерекшелігін байқадық. Бірден үйреніп кету қиынға соқты. Біз барғаннан күнде кешке жаңбыр себелеп тұрды. Қайда жүрсек те бәрібір өзіміздің елге жетпейді ғой (күліп).– Ш.А: Болгар жұртының боксқа онша қызығушылығы жоқ секілді. Сарай қаңырап бос тұрды. Қарақұрым халықты көрмедік. Залда тек қатысушы елдің делегациясы ғана отырды. Ал жергілікті жанкүйерлер тек өздерінің спортшысы шыққанда ғана төбе көрсетіп қалып жүрді.– Қазақ жанкүйерлерінің қолдауын ше..– Ш.А: Отандастарымыздың қолдауын сездік. Ермахан Ыбырайымов, Олжас Оразалиев, Заңғар Қасқаев, Берік Мыржықбаев ағалар айқай-сүрен салып, демеп отырды. Әр облыстың бапкерлері де барған.Мынадай қызық жағдай болды. Жарыстың бірінші күні салмағымды дұрыс есептей алмай, біраз қиналдым. Көп тамақ ішкендіктен бе. Елу граммның кесірінен амал жоқ, Қазақстан делегациясы тұрған он төртінші қабаттан бірінші қабатқа жүгіріп түсіп, салмақ қудым (күліп). Салмақ асып кетсе, жарыстан шығып қаласың. Амал жоқ басқа…– С.З: Бұрын Олимпиада, әлем чемпионатын теледидардан көріп, «Қазақстан, Қазақстан» деп айқайлаған жанкүйерлерге қызығатынмын. Міне, енді өзім ол жағдайды бастан өткізіп қайттым. Шалқар салмақ қуса, мен торттан қағылғанымды айтайын. Он тоғызы күні менің туған күнімді тойлағанбыз. Қызығы сол, өз туған күнімде торт жей алмадым. Салмағым асып кетпеу үшін. Оның «қызығын» жарысты аяқтаған балалар көрді (күліп). Міне, әлем чемпионатының осындай қызығы мен шыжығына да куә болдық.                                                                                 «Екі дүркін Олимпиада чемпионы болғым келеді»Боксты таңдауларыңа не түрткі болды? Енді осыған келейік..– С.З: Екеуміз де Шымкент қаласында туып-өстік. Менің үш жасымнан былғары қолғапты кигенімді айтады әкем. Боксқа келмей тұрып, кикбоксты жағаладым. Қазақстанның 3 дүркін чемпионымын. Лондон Олимпиадасында Серік Сәпиевтің ғаламат өнерін көріп, неге боксқа ауыспаймын деген ой маза бермеді. Олимпиадалық спорт болғандықтан біржолата боксқа бет бұрдым. Алып-ұшып, Жақып Баймұхамбетовтің үйірмесіне жазылдым. Бокстағы қадамыма енді екі жарым жыл болыпты. Үйде өзімнен бөлек інім шахматқұмар. Біз төрт ағайындымыз. Әке шешем қарапайым жандар. Әкем де кезінде каратэге үйірсек болған екен.– Ш.А: Мен Қайнарбұлақ ауылынанмын. Бесінші сыныпта үйдің жанында бокс үйірмесі ашылды. Бапкерім Қалдыбек Қалменов те боксқа икемімді байқап, жанына тарттты. Бала кезден марқұм Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев сынды батыр ағаларымызға ұқсағым келетін. Ең алғаш қала ішілік жарыста бас жүлдені иемденіп, бокстың не екеніне көзім жетті. Содан бері жарыстан қалмаймыз. Көкейде арман көп. Талайлардың қолы жетпеген биікті бағындырсам деймін. Үйде спорттың соңына түскен жалғыз өзім. Менен бұрын ағам да бокстың дәмін татқан. Әкем еркін күрес шебері болған. Ағам оқудың соңынан кеткендіктен, оның ізін мен жалғастырып жүрмін. Әке үмітін ақтау керек.– Бокста кімді үлгі тұтасыңдар?– Ш.А: Бекзат Саттархановты. Жалпы айтқанда, әр боксшыдан өз керегімді аламын. Серік Сәпиевтің аяқта жүруі, қимылдауы, Бақтияр Артаевтың рухтанып жұдырықтасуы көп спортшыға таптырмас әдіс. Кубалықтардың осал тұсын қалай табу керектігін Бақтияр аға дәлелдеп кетті емес пе?! Өзімнің салмағымда Біржан ағамның да өнеріне тәнтімін.– С.З: Маған кубалық екі дүркін Олимпиада чемпионы Гильермо Ригондоның өнері ұнайды. Мен өзім де солақаймын. Одан кейін украиналық Василий Ломаченконың бейнетаспаларын қараймын. Соларға еліктеп қана өсесің ғой бокста. Қазір екеуі де кәсіпқой бокста жүр. Мен де екі дүркін Олимпиада чемпионы болғым келеді. Ол қазақ баласының да қолынан келерін дәлелдеймін әлі. Алла нәсіп етсе.                                                                              «Қазақстан – әлемдегі үздік команда»Сеніңше, бокс басқа спорт түрінен несімен ерекше? Пікірлеріңді білсек..– С.З: Қиын спорт түрлерінің санатына кіреді. Солай бола тұра, елімізде бокстың мәні бөлек. Олимпиадада бокстан ғана алтын алған кездер болған. Қазір бокс үздіксіз даму үстінде. Бизнес қой былайша айтқанда. Қазір қыздар да шаршы алаңның шаңын қағып жүр. Бокста ең әуелі ерік-жігерің мықты болуы керек. Біреуі техника жағынан мықты, біреуі физикалық тұрғыда мығым. Енді біреуі мінезімен алып қоюы мүмкін.– Ш.А: Сұлтан айтқандай,бокс тек біздің елде ғана емес, әлемде үздіксіз дамып жатыр. Боксты ұрда-жық спорт деп ойлайды көбісі. Негізінен, бокс тұнып жатқан өнер. Шахматтағыдай терең ойлай білуің керек. Қара күшке иелер де ұтылып жатады емес пе?! Бокс нағыз ер жігіттердің өнері дер едім. Талай бала үмітпен келеді. Соңына дейін түспейді көбісі. Яғни, бокста тек шыдамдылар қалады.– Жұдырықтасу стильдерің қалай?Ш.А: Жан-жақты. Қарсыласымның мәнеріне қарай өзгеріп отырады. Қарсыласым қара күшке ие болса, аяққа көңіл бөлемін. Бокста мінез керек.– С.З: Маған қарымта соққы жасау қолайлы. Яғни, екінші нөмір болып айқасамын.– Жалпы, әлемде қай елдің боксшылары мінезді келеді?– С.З: Хорваттар. Әзірбайжан, түріктер де қызуқанды. Төбелесіп кетуге даяр тұрады әрбірі. Қандары қызып. Менің ойымша, дәл қазір әлемде мойындайтын үш мектеп бар. Куба, Ресей және Қазақстан. Қай жарыс болса да осы үш елдің өрендері алтынсыз қайтпайды. Соңғы екі жылдан бері қазақ боксшыларының деңгейі күрт өсті. Халықаралық жарыстардың бәрінде бірінші орынды алып жатқанымызды айтамын. Мойындау керек, Куба әлі де мықты. Мәселен, әлем чемпионатына үш боксшы келіп, екеуі чемпион болды. Біреуі лицензия алды.                                                                                   «Нанкиндегі меже – тек алтын»Енді Нанкин Олимпиадасы жайында сөз қозғайық. Жолдама қалтада. Ендігі жоспар қандай?С.З: Қазір демалыс. Маусым айында физикалық дайындық басталады. Әлем чемпионатында көп жәйтті байқадық. Кімдердің қарсылас боларын білдік. Құдай қаласа, енді тек Олимпиада чемпионы болу керек. Негізгі қарсыластарым ағылшын, куба, болгар өкілдері. Топшысы тегеуріндісі ол Ибанез. Енді ақымды қайтарамын.– Ш.А: Жаттығу одан әрі күшейеді. Бұрынғы жаттығуға тағы қосамыз. Мен де тек алтын үшін барамын. Негізгі қарсыласым деп жапон, өзбек, үнді боксшыларын айтар едім.Оған қоса, биыл мектепті бітіремін. ҰБТ-ға да дайындалып жүрмін. Бұған дейін залдан шықпасақ, осы бір ай көлемінде күнде мектептен шықпаймыз. Өзім биология пәнін таңдадым.– Риоға қатысу ойларыңда бар ма?– Ш.А: Осы Олимпиадан кейін ересектер сапына ауысамыз. Бар мәселе ел чемпионатында шешілер. Бұрын бізде Олимпиадаға қатысу арман болатын. Қазір осы жолда қадам басып келеміз. Бабым келісіп, бағым жанып тұрса, неге қатыспасқа?! Шарболаттай шыңдалып тұрсақ..Марқұм Бекзат ағамыз да жиырма жасында чемпион болды ғой. Риода мен де жиырмаға толамын. «Күш атасын танымайды» деген бар. Уақытында көреміз. Түптің-түбінде Олимпиада чемпионы атанып, Вэлл Баркер кубогін иемдену басты мақсатым.– С.З: Қытай төрінде Олимпиаданы бағындырып жатсақ, көп мәселе шешіліп қалар. Риоға дейін уақыт бар. Оған дейін Катарда лицензиялық әлем чемпионаты өтеді. Әлі де көп жұмыс істеу керек.– Ниеттеріңе жетіңдер!– Рахмет!                                                                                                                                                                                                                                                            Әңгімелесен Тағабай ҚАСЫМ