Чемпиондар Лигасы. Финал. Жылына бір‑ақ рет келетін футбол мерекесі. Еуропаның ақтық мәреге сүрінбей жеткен екі командасы өзара кім мықтыны анықтайды. Иә, бір қаладан шыққан қос клубтың теке‑тіресін бүкіл әлем тамашалауда. Бір клуб тарихында оныншы, ал екіншісі алғашқы рет кәрі құрлықтың үздік командасы атануға тырысты.

Азуы алты қарыс «Реал» жігіттері бірден шабуылға лап берді. Қарсыластарына қарағанда тәжірибелі Анчелотти шәкірттері алғашқы минуттарда алға шығып алуды ойласа керек. Алайда бірінші минуттардың ең маңызды оқиғасын футболшылар жасаған жоқ. Тоғызыншы минутта Диего Симеоне Костаның орнына Адриан Лопезді шығарды. Соңғы ойындарды жарақатпен өткізіп жүрген қазіргі испаниялық шабуылшы бүгінгі матчты тағы да алаң шетінен жалғастырды. Бір‑бірін жақсы танитын қос мадридтік команда өте сақ ойнады. Сондықтан да болар, жанкүйерлер ұзақ уақыт бойы қауіпті шабуыл көре алмады. 23-минутта айып добынан кейін хорват Лука Модричтің әуелеткен добы Куртуаның қолынан табылды. Араға санаулы минуттар салып «Реал» тағы бір стандартты шабуылға ие болды. Десе де, Криштину Роналду бағыттаған соққы тағы да Куртуа иелігінен табылмады. «Атлетико» қақпасына ең қауіпті шабуыл 32-минутта жасалды. Тиаго Мендештің пас берудегі қателігінен кейін Гарет Бейл айып алаңына еніп, соққы бағыттап үлгерді. Бірақ «корольдік клубтың» футболшысы мүлт кетті. Футболдың «сен соқпасаң, мен соғам» деген теориясы осы арада орын алды. Бұрыштан әуелеген допты Годин қақпаға бағыттады, өз иелігін ашық қалдырған Касильяс орнына қайтып үлгермеді. Нәтижесінде Симоене шәкірттері 1:0 есебімен алға шықты. Үзіліске дейін «Реал» ойыншылары қанша тырысып баққанымен Испания чемпиондарының қақпасына қауіп төндіре алмады.

Екінші таймды атлетиколықтар белсенді бастады. Ал «Реал Мадрид» футболшыларына жіберілген голдан кейін өз ойынын табу қиынға соқты. 52-минутта Миранда Ди Марияға қарсы ереже бұзды, нүктеге келген Роналдудың соққысына Тибо Куртуа төтеп берді. Бұл шабуылдан кейін «корольдік клуб» қатарынан екі рет бұрыштама доп көтерді. Екеуінде де доп қақпадан қиыс кетті. Ойынға дереу өзгеріс керек екенін ұққан Анчелотти алаңға Марсело мен Исконы шығарды. Бұл қадам «Реал» шабуылына қосымша дем берді. Алайда таразы басын теңестіруге атлетиколықтар мұрсат берген жоқ. 67-минутта Иско қақпадан жиырма метр қашықтықта Куртуа иелігін нысанаға алып көрді. Тағы да қиыс. Араға бес минут салып Бэйл есепті теңестіретін бір мүмкіндікке ие болды. Алайда Уэльстің ойыншысына дәлдік жетіспеді. Роналдудың пасынан кейін дәл осы Бэйл тағы бір рет ұрымтал тұсқа шықты. Оң қапталдан Бэйл құстай жүйткіп, номиналды қонақтар қақпасының жақын бұрышын көздеді. «Реал» жанкүйерлерінің өкініше қарай, тағы да гол емес. Төреші қосқан бес минут аяқталуға жақын. Соңғы шабуылдардың бірі. Бұрыштан әуелеген допқа бірінші жеткен Серхио Рамос баспен соққы бағыттап, үміті өшкен «Реал Мадридке» мүмкіндік ашып берді. Есеп – 1:1. Бұл голдан кейін алаңдағы бас қазы негізі уақыттың аяқталғанын білдірді.

Қосымша уақыттың бірінші таймын «Реал» футболшылары шабуылдармен өткізді. Тоқсан минут бойы жанын салған ойыншылар экстра‑таймда айтарлық ұмтылыс жасаған жоқ. Әр қатенің құны қымбат екенін түсінетін қос мадридтік клуб қорғанысқа басты назар аударды. Сондықтан бірінші қосымша таймда финалистер ауыз толтырып айтарлықтай дәнеме жасамады.

Екінші он бес минуттықтың басында Испания Кубогының иегерлері белсенділік танытты. 110-минутта Ди Мария сол қанатта допты иелік етіп, Куртуа аймағына дейін қарсыластарынан айналып өтті. Ұрымтал тұсқа шыққан аргентиналық қақпаға соққы бағыттады, Куртуа допты аяғымен кері қайтарды. Серпілген снарядқа бірінші жеткен Бэйл бос қақпаны басымен дәл көздеді. Осылайша бірнеше мүмкіндігін желге ұшырған жартылайқорғаушы «Реал» үшін маңызды голды салды. «Реал» жігіттері бар күшін соңғы минуттарға сақтаса керек. 118-минутта Марселоны «Атлетиконың» қорғаушылары тиісінше қарсы алған жоқ. Осы үшін бразилиялық қорғаушы айып алаңына енбей соққы бағыттап, Испания чемпиондарын жазалады. Бірнеше минуттардан соң, тіпті Симеоне шәкірттерінің қақпасына пенальти де берілді. Роналдуға қарсы Годин ойын тәртібін бұзды. Нүктеге келген португалиялық жұлдыз мүлт кеткен жоқ. Нәтижесінде финалда сирек кездесетін есеп – 4:1.  

«Реал Мадрид» Лиссабонда тарихындағы оныншы Чемпиондар лигасының Кубогын көкке көтерді. Ал «Атлетикоға» тартысты ойыны үшін алғыс айтудан басқа шара жоқ.  

 

«Реал Мадрид» ‑ «Атлетико Мадрид» 4:1 (0:1, 1:0, 0:0, 3:0)

Голдар: 0:1 – Годин 36, 1:1 – Рамос 90+3, 2:1 – Бэйл 110, 3:1 – 118, 4:1 – Роналду пенальтиден (120+1)

«Реал Мадрид»: Касильяс, Карвахаль, Варан, Рамос, Коэнтрау (Марсело 59), Ди Мария, Хедира (Иско 59), Модрич, Бейл, Роналду, Бензема (Морато 78).

«Атлетико Мадрид»: Куртуа, Хуанфран, Годин, Миранда, Филипе (Альдервильд 82), Тиаго, Габи, Коке, Рауль Гарсия (Соса 66), Вилья, Коста (Лопез 9).