Әлем халықтарының басын біріктіріп, бір ай бойы теледидар алдында телміртетін футбол мейрамының басталуына да санаулы уақыт қалды. Қатарында Англия, Италия, Уругвай, Коста-Рика сияқты құрамалары бар D тобындағы тартыс өте қызықты болмақ. «Бап шаба ма, бақ шаба ма» демекші, «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісі сапары ұзаққа жалғасатын құрамаларды анықтап көрмек.

Англия құрамасы басты фаворит

Англия - футболдың отаны деп саналады. Елден бұрын доп тепкен ағылшындардың бүгінгі таңдағы жағдайы көңіл қуантарлық емес алайда. Бұрыңғы Бэкхэм, Фердинанд, Крауч сияқты кіл мықты ойнаған ұжымның қазіргі жағдайы мүшкіл. ФИФА рейтінгісінде үздік 10-дықтан шығып қалған Англияның бұл соңғы 6 жылдағы ең нашар көрсеткіші. Құрамында Руни, Лэмпард, Терри, Джеррад сияқты ардагерлерді жинаған «арыстандар» жанкүйерлердің сенімін қайта оятпақшы. Рой Ходжсон 50 жылдан кейінгі нәтижені қайталап көруге тырыспақ. Топтан сүрінбей өтуге бұл ұжымның шамасы жетеді.

2010 жылғы Африкада өткен әлем чемпионатында Германия құрамасына қарсы кездесуде Лэмпардтың айыпдобынан соққан голы саналмай қалған болатын. Осыдан кейін ФИФА басшылығы футболға бірнеше жаңа ереже енгізді. Соның бірі - қақпа артына төреші қою.

 

Буффон үшін соңғы әлем біріншілігі болмақ

Әлемнің экс-чемпиондары Италия бұл топтан шығуға басты үміткерлердің бірі. 2006 жылы Әлем біріншілігінің жеңімпазы болған бұл команда, келесі чемпионатта топтан шыға алмай қалады дегенге кім сеніп еді. Жаңа Зеландия мен Парагвай құрамаларымен тең тарқасқан экс-чемпиондар топтан шығу үшін Словакиямен болатын ойында ұпай олжалау керек еді. Алайда Липпи бапкердің жолын словактар кесті. Біреу білер, біреу білмес... Сол кезде Словакия құрамасын алматылық «Қайраттың» қазіргі бапкері Владимир Вайсс жаттықтырған болатын. Вайсстың шәкірттері сенсациялық 3:2 есебімен жеңіске жетіп, 1/8 финалға жолдама алды. Осылайша, Итальяндықтар масқаралықпен топтан шықпай қалады деген жанкүйерлердің үш ұйықтаса түсіне кірмеген болар.

«Көк түсті команда» Польша мен Украинада өткен соңғы Еуропа чемпионатында кеткен қателікті жуып-шаяды дегенге сенім мол еді. Жартылай финалда немістерді 2:1 есебімен жеңіп, ақтық ойынға жолдама алды. Чемпиондыққа «сынық сүйем» қалғанда сүрінген Липпи шәкірттері испандықтарға жол беріп сан соғып қалғанын жақсы білесіздер.  Биылғы әлем чемпионатында Чезаре Пранделли командасын топтан алып шығар... Дегемен, Италия биыл әлсіздеу, мойындау керек. Супермарио Балотелли бастаған жігіттер плей-офф табалдырығын аттаса да қуанатын шығар...

Германия елінде өткен әлем біріншілігінің финалы Италия құрамасы үшін де, әлем футболы үшін даулы матч болды. Ойын соңында Зинедин Зидан мен Марко Матерацци арасындағы теке-тірес Зиданның Марконы баспен ұрып жығуымен аяқталған болатын. Зизудың соңғы «соққысын» тағы бір сәт еске түсірейік.

 

Форлан, Суарес, Кавани үштігінен сиқыр күтеміз

Әлем қызығып та, қызғана қарайтын Форлан, Суарес, Кавани сияқты шабуылшылар үштігі бар бұл команда соңғы әлем чемпионатында жартылай финалға шықты. Биылғы жылы Оскар Табарес шәкірттері кем дегенде осы нәтижені  қайталауға тырысады. ФИФА рейтингісінде қарсыластарына қарағанда жоғары орналасқан Уругвайдың бабы келісіп-ақ тұр. 

2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем біріншілігі Уругвай үшін қызықты әрі драмаға толы болды. Топтық кезеңде Франциямен тең тарқасып, Мексика мен ОАР-ды жеңіп, еш қиналмастан 1/8 финалға шықты. Оңтүстік Кореяны артқа тастап, ширек финалда Гана құрамасымен кездесті. Алғашқы таймда 1:1 есебі тіркеледі. Бәрі ойдағыдай болғанымен, соңғы 90-шы минутта қақпашы Муслера қателеседі. Бос қақпаға ұшып бара жатқан допты Луис Суарес қолмен тосып, қызыл қағаз алып, қақпасына 11-метрлік айыпдобы белгіленіп бірақ тынады. Алайда Құдай сақтады дейміз бе, тылсым дүниенің белгісі ме, әйтеуір Асамоа Гьян тепкен доп қақпа бағанасына тиіп кері қайтады. Сол сәтте жанкүйерлердің қаһарына ұшыраған Суарес бір мезетте «халық қаһарманы» бола ғалды. Ары қарай матч соңындағы пенальтиден Уругвай құрамасы жеңісті жұлып алады. Бірақ жанкүйерліердің қуанышы ұзаққа бармайды. Жартылай финалда олар Голландиядан ұтылды.

Бразилияда өтетін әлем біріншілігіне келер болсақ, Табарес шәкірттері топтан өтуге толық мүмкіндігі бар.

 

Коста-Рика тосынсый жасамақ

Топтың аутсайдері сөзсіз - Коста-Рика құрамасы. ФИФА рейтінгісінде басқа құрамаларға қарағанда төмен орналасқан, қарапайым жанкүйерде бұл ұжым топтан шығады дегенге аса сеніңкіремейді. 2006 жылғы мундиальда тәп-тәуір өнер көрсеткен Коста-Рика, келесі әлем біріншілігіне бара алмай қалды. Осы топтағы соңғы біріншілікке қатыспаған жалғыз құрама. Еуропа және Азия халқына бейтаныс бұл ұжым сенсация жасауға шамасы келер.

Неміс жерінде өткен футбол додасының ашылуында бұл құрама әдемі ойын өрнегін көрсетті. Тіпті футбол мамандары мен жанкүйерлер осы кездесуді 2006 жылғы әлем чемпионатының «Ең қызықты матчы» деп бағалаған болатын. 2006 жылдың ең қызықты әрі голға толы матчын назарларыңызға ұсынамыз.

 

Топтағы құрамаларға қатысты әлем чемпионатындағы қызықты мәліметтерді ұсынамыз:

·      2010 жылы әлем чемпионатында италия құрамасын топтық кезеңде жолын Словакия құрамасы кесті.  Сол кезде Словакияны «Қайраттың» қазіргі бапкері Владимир Вайсс жаттықтырған болатын.

·      2030 жылы әлем чемпионатын өткізуге  Уругвай мемлекеті ұсыныс білдірді.

·      Футбол тарихында әлем біріншілігін тек 8 құрама жеңіп алған екен. Чемпиондық атақты ең көп алған Бразилия — 5 мәрте. Екінші Италия — 4 рет.

·      Италия құрамасының ойыншысы Франко Барези әлем чемпионатының барлық жүлдесін ұтып алған (алтын– 1982, күміс – 1994,  қола – 1990).    

·      Әлем біріншілігенде ең көп гол соғылған ойынның бірі: Уругвай – Боливия 8-0 1930 жылы, Уругвай – Шотландия 7-0 1954 жылы.

·      Алғашқы төрт әлем чемпионатын тек Уругвай мен Италия құрамалары кезекпе-кезек жеңіп алған. Уругвай 2 рет, Италия 2 рет.

·      ӘЧ—1950 жеребе тарту рәсімі тек жарты жыл қалғанда, яғни 30 сәуір 1950 жылы болды.

·      Италия құрамасының бапкері Виторио Поццо чемпиондық атақты жеңіп алу үшін 14 ойыншыны құрамаға шақырған, 8 футболшы жарыстан шет қалды.

·      1934 жылы Италияда өткен әлем чемпионаты бар-жоғы 15 күнге созылған. Барлық ойындар бір уақытта басталған болатын.

·      1930 жылғы әлем чемпионатында Уругвай құрамасының сапында бір қолы жоқ шабуылдаушы – Эктор Кастро ойнаған. Кастро сол біріншіліктің соңғы голын соқты.

·      Әлем чемпионатының тарихында финалда жеңімпазды анықтау үшін екі рет ойын соңында пенальти тебілген. Бір қызығы, екі ретте де Италия  құрамасы финалға шыққан. 1994 жылы пенальтиден Бразилиядан ұтылса, 2006 жылы француздарды жеңді.

·      1980 және 1981 жылдар аралығында әлем чемпионатының 50 жылдық мерейтойында барлық чемпиондық атақты жеңіп алған құрамалар арасында жарыс ұйымдастырылды. Аталмыш додаға Уругвай, Англия, Голландия, Бразилия , Германия, Англия, Аргентина қатысып, Уругвай жеңмпаз атанды.

·       Чемпиондық атақты тек 1938 жылы Италия мен 1962 жылы Бразилия қорғап қалды.

·      Италия құрамасы 16 жыл бойы(1934—1950), яғни үш әлем чемпионатында (Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде ӘЧ өтпеді) жартылай финалдан төмен нәтиже көрсетпеген.

·      1966 және 2010 жылы Италия топтық кезеңнен ары аса алмай қалды.

·      Уругвай (1930), Италия (1938) және Бразилия (екі мәрте — 1970 мен 2002) финалдық кезеңде барлық ойындарды жеңіп, жеңіліссіз аяқтаған. Және де барлық ойында тек негзгі уақытта жеңген.

·      Уругвай құрамасы 2006 жылы, Коста-Рика 2010 жылғы әлм чемпионатына қатыспады.

Шолушы: Айбар РЫСДӘУЛЕТ