Өзгелерден оза шапқан төрт күл дүниенің үздіктері Бразилияда өзара кім мықтыны анықтайды. Испания, Италия, Бразилия сынды тек чемпиондық мінбені көздейтін құрамалар алдағы жаздың басты көркіне айналады. Ал әзірше, қатарына мұндай фавориттерді қоспаған «С» тобына көз жүгіртейік.

«С» тобы

Колумбияда Фалькао бар

Бұл квартеттің фавориті ретінде Колумбия құрамасын атауға болатын шығар. Қанша дегенмен, ФИФА рейтингінде бесінші орында тұрған команда. Қатарында Радамель Фалькао сынды сұрмергені бар оңтүстік америкалықтар өз тарихында әлемдік додада ешқашан керемет нәтижемен есте қалмаған. Ең жақсы деген көрсеткіші – 1/8 финал (1990 жылы). Төрт рет әлем чемпионатына қатысқан Колумбия үшін аталмыш дода сәтсіз аяқталған екен. Ал биылғы біріншілік осы нәтижені жақсартуға мүмкіндік.

Гректерде намыс бар

Әлем біріншіліктерінде еуропалық командалар қашан да алдыңғы қатардан орын алуға ұмтылады. Бұл топтағы кәрі құрлықтың өкілі Грекия да келесі кезеңге өту үшін барын салмақ. ФИФА рейтингінде Англия, Голландия секілді командалардан жоғары тұрған Грекия бүгінде үздік ондықты түйіндеп тұр. Әдемі ойын көрсетпесе де, керекті нәтижесіне қол жеткізетін Еуропаның экс‑чемпиондары бұл төрттікте кез‑келген қарсыласынан үш ұпай алуға шамасы жетеді. Жалпы, аталмыш құрама әлем біріншіліктеріне осымен үшінші рет қатысқалы тұр. 1994, 2010 жылдардағы дода гректер үшін топтық кезеңде аяқталған. Ал биыл Фернанду Сантуш шәкірттері ағынан жарылатыны анық.

Дрогба үшін соңғы мүмкіндік

Дидье Дрогба бастаған Кот‑д’Ивуар да оңай шағылатын жаңғақ емес. 2006 жылы топтық кезеңде Аргентина мен Голландияның тасасында қалған Сабри Лямуши шәкірттері төрт жылдан кейін Бразилия мен Португалияға есе жіберген болатын. Енді биыл «пілдер» үшін тарихтың жаңа парақшасы ашылуы тиіс. Оның үстіне, осы дода ардагер Дрогба үшін соңғы біріншілік болмақ. Сонымен қатар, Яя туре, Саломон Колу, Жервиньо, Ласина Троаре сияқты өз ісінің мамандары Кот‑д’Ивуарды алғаш рет плей‑оффқа алып шығуы мүмкін.

Жапондар плей-оффқа шыққысы келеді

ФИФА рейтингі бойынша жоғарыдағы үш елден көрсеткіші нашарлау Жапония (47-орын) болып тұр. Десек те, басқаларымен салыстарғанда осы жапондар әлем біріншілігінде тәуір нәтиже көрсетіпті. Жалпы алғанда төрт рет қатысып, оның екеуінде 1/8 финалға шыққан. Әрине, Альберто Дзаккерони командасы бұдан арыға бара алмаған. Жалпы, бұл топта Оңтүстік Африкада өткен әлемдік чемпионатта плей‑оффқа өткен жалғыз құрама – осы. Азиялықтар биыл да аз дегенде осы нәтижені қайталамақ.

Назарларыңызға осы топтағы құрамаларға қатысты әлем чемпионатындағы қызықты мәліметтерді ұсынамыз:

·        Колумбия әлем біріншілігіне осыдан 16 жыл бұрын қатысқан.

·        Колумбия 2026 жылы болатын әлем чемпионатын өткізуге үмітті.

·        Жапония мен Колумбия 1998 жылы Францияда өткен әлемдік доданың топтық кезеңіне қатысқан. Алайда қос құрамада турнирді жеңіссіз аяқтады.

·        1998 жылы Жапония алғаш рет әлем біріншілігінде бақ сынады. Содан бері азиялықтар төрт жылдықтың басты додасынан сырт қалмаған.

·        2002 жылы өткен 17-ші әлем Кубогы бірінші мәрте Еуропа мен Оңтүстік Америкада өткен жоқ. Аталмыш турнир алғаш рет Азияда, дәлірек айтқанда Жапония мен Оңтүстік Кореяда болды.

·        2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатына алғаш рет Кот‑д’Ивуар құрамасы қатысты. Африкалық команданың өкінішіне қарай, Кот‑д’Ивуар топтық кезеңде үшінші орын алып, плей‑оффқа шыға алмады.

·        2010 жылы Азиядан екінші рет екі құрама плей‑оффқа шықты. Бұлар Жапония мен Оңтүстік Корея болды.

·        Оңтүстік Африкадағы турнирде Жапония құрамасы өткізген төрт кездесуінде де негізгі құрамның ойыншыларын өзгертпеді.

Байқағандарыңыздай, төрт құраманың да әлем чемпионатында тарихы бай емес. Бұл квартеттің қайсысы плей‑оффқа шығатыны да белгісіз. Жалпы, төрт команда да ширек финалдың дәмін татып көрмеген екен. Биыл бәрі басқаша болатыны анық...     

Шолушы: Есет ТӨЛЕШ