Футболдан Қазақстан біріншілігінің екінші айналымындағы алғашқы матчта «Қайрат» талдықорғандық «Жетісуды» қабылдады. Өз алаңында өткізген соңғы төрт ойында «Қайрат» жеңілістің дәмін татпаса, қонақтар керісінше, соңғы төрт тур бойы үш ұпай еншілей алмай келеді.  

Алғашқы минуттарда талдықорғандықтар былтырғы қола жүлде иегерлеріне қарымды қарсылас бола білді. Десе де, бірінші қауіпті шабуылды алматылықтар жасады. Айып алаңына енген Сисей Плотников қақпасын нысанаға алған болатын, теңбіл доп биік кетті. 19-минутта Сисей екінші рет дәл осындай мүмкіндікке ие болды. Бұл жолы африкалық легионер мүлт кеткен жоқ. Араға санаулы минуттар салып, Смақов орталық алаңдағы шабуылшының рөлін атқарды. Алматылық капитан Сисейдің пасынан кейін әуедегі допты бос қақпаға сала алмады. Бұдан кейін Тетрадзе шәкірттері таразы басын теңестіру үшін барын салды. Алайда барлық ұмтылыс «Қайраттың» қорғанысынан әрі аспады. Әзірше Хомич ойынға шындап араласа қойған жоқ.  37-минутта Дарабаев үш қорғаушыдан сытылып өтіп, айып алаңында тұрған Едигарянға пас берді. Қақпашымен жалғыз қалған Едигарян қақпаға соққы бағыттап үлгерді. Плотников әдемі сейвпен допты кері қайтарды.

Үзілістен кейін қонақтар допқа иелік ете бастады. Есепті теңестіруге ұмтылған жетісулықтар Хомич қақпасына қауіп төндіруге тырысты. Сондай‑ақ, қорғаныста да мығым ойнады. Ал алаң иелері қолда бар басымдықтан айырылып қалмас үшін қорғаныста сақ ойнады. 62-минутта қарымта шабуылға шыққан Исламхан Сисейге тамаша пас қалдырды, екі қорғаушының тасасынан құтылып шыққан Момоду соққы бағыттады. Алайда доп бағанаға тиіп, кері серпілді. 70-минутта Едигарян ұрымтал тұстан допты айналдыра тепкен болатын, алайда футбол снаряді Плотников қақпасынан сәл биік кетті. Бес минуттан кейін талдықорғандықтар бүгінгі кездесудегі ең қауіпті шабуылын жасады. Алайда айып алаңындағы қарабалас кезінде Заречныйдың бағыттаған соққысы қиыс кетті. Кездесудің аяқталуына бірнеше минут қалғанда алаңға тыңнан қосылған Милош Лачны есепті еселеді. Бұған мойымаған жетісулықтар қосымша уақытта есеп айырмасын қысқартты. Алайда, қонақтар бұдан арыға бара алмады. Қорытынды есеп – 2:1.

Осыслайша, «Қайрат» қатарынан үшінші матчта жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі бесінші орнында қалды. Ал «Жетісу» болса, тоғызыншы орында жайғасты. Талдықорғандық клуб алтыншы орында келе жатқан «Атыраудан» төрт ұпайға қалып тұр.

 

«Қайрат» ‑ «Жетісу» 2:1 (1:0)

Голдар: 1:0 – Сисей 19, 2:0 – Лачны, 2:1 -  Заречный 90

«Қайрат»: Хомич, Гурман, Кислицын, Қуантаев, Сымақов, Исламхан, Бақаев, Дарабаев, Плиев, Едигарян, Сисей.

«Жетісу»: Плотников, Родионов, Сариев, Ахметович, Кузьмин, Шаихов, Джалович, Ковале, Кадио, Заречный, Путинчанин.

Төрешілер: Ысқақов (Астана), Филоненко (Тараз), Әубәкіров (Астана)