Арма ардақты ағайын, «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісі  Пеленің отаны Бразилияда жалауы желбірейтін ең бәсі биік футбол додасының қатысушыларымен  сіздерді таныстырады. «Бәйгеге ерттеп қосқан сәйгүліктер» футбол аламанында «шабуға» дайын. Айбар Рысдәулет B тобында кімнің асығы алшысынан түсерін анықтап көрмек.

«В» тобы

Футбол мамандарының ойынша бұл топ әлем біріншілігіндегі деңгейі жағынан екінші «өлім тобы». «Өлім» деген аты қорқынышты болғанымен мұндағы бісеке өміршең болмақ. «Қара құрлықта» топ жарған Висенте дель Боске шәкірттері чемпиондық тәжін қорғай алады ма? Чемпиондық атақты осыған дейін тек Италия мен Бразилия құрамасы сәтті қорғап шыққан. Қазіргі әлемнің №1 бірінші құрамасы топтық сыннан мүдірмей өтеді деген сенім мол алайда. 

Бұл топтың тағы бір фавориті - Голландия. 2010 жылғы әлем чемпионатының ақтық кездесуінде  Испания құрамасы «қызғалдақтарды» қапы қалдырған болатын. Голландиялықтардан кеткен есені қайтаруға барын салары анық. Ван Перси мен Роббен бастаған жігіттердің де топтан сүрінбей өтуі тиіс.

Чили құрамасы Бразилияға жолдама алған ортаңқол командалардың бірі. Жанкүйерлер каталондық «Барселона» жейдесінде  жасындай жарқылдаған Алексис Санческе үміт артуда. Санчес, Пинилья мен Варгас үштігі құрамасын топтық кезеңнен ары асыруға барын салары анық. Әрине, Испания мен Голландия сияқты фавориттер барда Чилиге топтан шығу да арман болар деуіңіз мүмкін, алайда, мен сізге бойында әстек (ацтектер) қаны ағып жатқан бұл жігіттердің тізімнен шығармауыңызды айтар едім. Латын Америка құрамалары әрқашанда әлемдік Мундиальда тек қана алдыңғы қатардан көрінеді. 

Ал енді топтың аутсайдері Аустралияға келер болсақ. Бразилияға «қыдырып қайту» үшін келген жоқ олар. 2004-2012 жылдар аралығында  «Эвертон» сапында АПЛ-да доп тепкен Тим Кэхилл жігіттері топтық кезеңнен әрі өте алмаса да, сенсация жасауға шамасы жетеді. Неміс жерінде өткен әлем чемпионатында сенсация жасап 1/8 финалға шығып, болашақ жеңімпаз Италия құрамасынан ұтылған еді... «Үмітсіз шайтан» демекші топтан шығу мақсатынан әлі ешкім бас тартқан жоқ.

 

В тобындағы командаларға қатысты қызықты мәліметтер:

·       Нидерланды құрамасының футболшысы Йон де Хардер – 18 жаста болғанда ӘЧ-на қатысып, ең жас ойыншы атанған.  Оның командаласы Петер Андерссон ең кәрі ойыншы атанды – 34 жас 190 күн.

 

·       1934 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында Италия мен Испания арасындағы кездесу тең аяқталғандықтан, матч қайта ойнатылды. Жарақаттанып, қатты шаршаған 11 футболшы алаңға шығудан бас тартты. Жетеуі испандықтар болса, төртеуі италияндықтар.

·       2010 жылдың финалында сүрінген Голандия құрамасының мұндай сәтсіздіктер саны 3-ке жетті. Бұған дейін 1974-ші және 1978-ші жылдары ақтық ойында жеңілген.

·       Испания құрамасы Еуропа Чемпионатын қатарынан екі мәрте және Әлем чемпионатын жеңіп алған бірінші команда.

·       Мұхит елдері Әлем біріншілігіне төрт мәрте қатысқан. Оның үшеуінде 1974, 2010 жылы Аустралия құрамасы топтық кезеңде өнер көрсетсе, 2006 жылы 1/8 финалға өтіп сенсация жасады.

·       Испания құрамасы Еуропа құрамалары арасында тұңғыш рет шет құрлықта өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.

·       2010 жылы Испания мен Чили құрамасы топтық кезеңде бірге өнер көрсеткен. Қос ұжымда топтан сүрібей өтті. Ал, финалдық ойында Испания мен Голландия кездескен болатын. Дель Боске шәкірттері  1:0 есебімен жеңіске жетті.

·       Испания құрамасы 2010 жылы финалдық кездесулердің бәрін 1:0 есебімен жеңген.

Бұл топта, сөзсіз, Испания мен Голландия - фавориттер. Ал, Чили мен Аустралия аутсайдер ретінде қарастырылады. «Қызыл фурия» мен «қызғалдақтар» әлем чемпионатын ұтудан дәмелі. Алайда, Хорхе Сампаоли шәкірттері топтық кезеңді аттаса да риза болатын сияқты. Ал Аустралия құрамасы топтан шығады дегенге сену қиын. 

 

Шолушы: Айбар РЫСДӘУЛЕТ