«Cuba Domadores» боксшылары Astana Arlans-Baku Fires арасындағы жекпе-жекте төрелік еткен қазылардың жұмысына наразылығын білдірді.  
 
Екі дүркін әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Ласаро Алварес:
 
- Біз барлығымыз жартылайфиналдық кездесуді көрдік. Төрешілердің жұмысына наразы болдық. Сүлейменов өз қарсыласынан басым болды, ал Хрвое Сеп тіпті басым жеңіске жетті. Жеңісті неліктен әзірбайжандықтарға бергені, біз үшін әлі де сұрақ.
 
Хулио Сезар Ла Круc, екі дүркін әлем чемпионы:
 
- Финалда Astana Arlans-пен кездесетінімізге сенімді болдым. Алайда, төрешілер әзірбайжандықтарды финалға алып шықты. Қазіргі таңда, әлемде 81 келі салмақта менің бір ғана қарсыласым бар, ол - Әділбек Ниязымбетов. Меніңше, олар қосымша кездесуде Ниязымбетов Маммадовты ұтатынын білгендіктен, бесінші жекпе-жекте жеңісті әзербайжандық боксшыға берді. 
 
Қазірде, кубалықтар Мексикада Панамерикандық ойындарға дайындық жаттығуларын жүргізуде.