Қазақстан біріншілігінің 10-шы туры аясында алматылық «Қайрат» ел Кубогының иегері «Шахтерді» қабылдады.  

Алматылықтар іске білек сыбана кірісіп қонақтар қорғанысын бұзуға тырысты. Исламхан алаңнын орта тұсымен ытқып өтіп, Мокиннің қақпасын нысаналап көрді. «Шахтер» қақпашысы сыр бермеді. Снаулы минуттар өткенде алаң иелері өз дегеніне жетті. Шабуылда белсенді ойнап жүрген Исламхан өзі гол соғатын оңтайлы сәтте жомарттық танытып, Кнежевичке әдемі пас берді. «Қайрат» шабуылшысы мүлт кеткен жоқ – 1:0 «Кеншілер» сапындағы Қонысбаевтың алыстан бағыттаған соққысымен жауап қайтарды. Бірақ Ұланның тепкен добы қақпадан сәл биік кетті. Алматылықтар шабуылда қанша белсенді ойнағаса соншалықты қорғаныста да мығым болды. «Шахтердің» ұмтылыстары «Қайраттың» айып алаңына жетпей, орта тұста тұншығып жатты. Қарсыласын қарымта шабуылдан ұстауға тырысқан «Қайрат» тағы бір рет Мокин қақпасына қауіп төндірді.  Сол қанаттан әуелеген допқа Исламхан бірінші жетіп, баспен соққы бағыттап үлгерді. Қарағандылықтардың бақытына орай, қонақтарға қақпа бағаны құтқарды.  37-минутта жасындай жарқылдап жүрген Самат Сымақов Сисеймен пас алмасып, ұрымтал тұсқа шыққан болатын. Алайда алматылық қорғаушыға дәлдік жетіспеді. Шәкірттерінің шабуылдағы сүреңсіз ойындарынан кейін Виктор Кумыков алаңға Финонченоны шығаруға мәжбүр болды.  Ардагер шабуылшы алаңға кірген бойда қауіпті ұмтылыс ұйымдастырды. Андрей айып алаңына еніп бара жатқан Қонысбаевқа әдемі пас қалдырды. Алайда жартылай қорғаушының бағыттаған добы қақпадан санаулы сантиметр қиыс кетті. Бұдан кейін Виктор Болютұлы алаңға екінші тың ойыншысын шығарды. Тоқтар Жаңғылышбайдың орнына Станислав Лунин кірді. Командалар үзіліске кеткенше жаңа ештеңе ойлап таба алған жоқ.

 Екінші таймның алғашқы минуттарында есте қалар бір ғана шабуыл болды. Бауыржан Исламхан «Шахтердің» екі қорғаушысынан сытылып өтіп, Дарабаевқа пас шығарып берді. Алайда 17-ші нөмір қақпадан он метр жерден допты биікке тепті. 55-минутта айып алаңына әуелеген допқа бірінші жеткен Кнежевич баспен «тоғыздықты» дәл көздеген болатын. Мокин командасын тағы да құтқарды. 65-минутта стандарттық шабуылдан кейін Малый алыстан соққы бағыттады. Доп қақпадан сәл қиыс кетті.  Бірнеше минут бойы ойын шабуылсыз өтіп, жанкүйерлерді жалықтырып алған еді. 74-минутта Момоду Сисей қарсы тұрған қарсыласынан құтылып, Мокин қақпасына командасының екінші голын салды. Матчтың қалған минуттарында қонақтар таразы басын теңестіру үшін ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жасамады. Керісінше, алаң иелері есеп айырмасын үш голға дейін ұзартуға жақын болды. 87-минутта Сисей Мокинді алдамшы қимылмен жығып тастап, Исламханға пас берді. Бос қалған қақпаны алматылық жас ойыншы дәл көздегенімен Василевич оны қақпа сызығынан алып шықты. Соңғы минутқа дейін «Қайрат» қолда бар жеңісті уысынан жіберген жоқ.

Осылайша, алматылық ұжым турнир кестесінің бесінші сатысына көтерілді. Ал «Шахтердің» сүреңсіз нәтижелері жалғасуды, Кумыков шәкірттері соңғы үш кездесуде бір ғана ұпай жинай алды.

«Қайрат» ‑ «Шахтер» 2:0 (1:0)

Голдар: Кнежевич 9, Сисей 74

«Қайрат»: Хомич, Плиев, Кислицын, Маркович, Сымақов (К), Исламхан, Бақаев, Кнежевич, Қуантаев, Дарабаев, Сисей.

Қосалқы құрам: Ткачук, Гурман, Едигарян, Бауыржан, Лачны, Седельников, Нехтий.

«Шахтер»: Мокин, Симчевич, Малый, Василевич (К), Фернандес, Порываев, Қонысбаев, Байжанов, Вичюс, Саломов, Жанғылышбай.

Қосалқы құрам: Покатилов, Мұртазаев, Лунин, Борантаев, Габышев, Финонченко, Мирзоев.

Төрешілер: Д. Измайлов (Талдықорған), В. Гусев (Көкшетау), С. Жаппасбаев (Қызылорда).

6.05.2014. «Орталық стадион».