Мадридте өткен кездесу қос клубқа да абырой әкелмеген еді. Шабуылдан көрі, қорғаныста мұқият ойнағанды жөн көретін бұл командалар ақтық мәреде «Реалмен» бірге жұп құрайтын ұжымды «Стэмфорд Бриджте» анықтады.

Бұл ойында кім бірінші есеп ашса, сол команданың мерейі үстем болатыны анық. Сондықтан қос ұжым да алма кезек ұмтылыстар жасап бақты. Ең бірінші қауіпті шабуылды қонақтар жасады. Кокенің айып алаңына асырған пасы голға айнала жаздады. Алайда «ақсүйектерге» қақпа бағаны көмекке келді. Бұл шабуылдан кейін қос ұжымның футболшылары ұмтылыс жасауға асыққан жоқ. Көбіне талас алаңның орта тұсында орын алды. 15-минутта лондондықтар қонақтар қақпасына жақын жерден айып добына ие болды. Алайда Виллианның соққысы нысанадан биік кетті. Бірінші таймның орта беліне таман шабуылға араласқан Давид Луиз допты қайшылап тепті, тағы да қиыс. Бірнеше минуттар бойы нәтижесіз ұмтылыстардан кейін «Стэмфорд Бридж» голға айналған шабуылды көрді. 36-минутта оң қанаттан Аспиликуэта асырған допқа бірінші жеткен «Атлетиконың» түлегі Фернандо Торрес Куртуаның қақпасын дәл көздеді. Тиісінше, футболдың жазылмаған заңына сәйкес, испаниялық шабуылшы голын тойламай, бұрынғы клубынан кешірім сұрады. Финалдан үмітін үзбеген мадридтіктер қол сілтеп кеткен жоқ. Үзіліске кетер тұста Адриан Лопес таразы басын теңестіріп, өз командасының үміт отын жаға түсті.

Екінші тайм қонақтардың шабуылымен басталды. Арда Туран ұрымтал тұстан допты Шварцерге қарсы тепті. «Челсидің» қақпасышысы футбол снарядын алаңнан шығарып жіберді. Жауап ретінде «ақсүйектер» стандартты шабуылда қауіп төндірді. Алайда Терридің баспен бағыттаған соққысын Куртуа кері қайтарды. Десе де, шабуылда белсендірек ойнаған атлетиколықтар жемісін көрді. 60-минутта айып алаңында Это’о Диего Костаға қарсы ойын тәртібін бұзды, тиісінше бас қазы пенальтиді көрсетті. Он метрлік нүктеге келген Коста Шварцерге еш мүмкіндік қалдырмады ­– 1:2. Енді «ақсүйектерге» екі гол салу қажет. Бірден шабуылға лап берген лондондықтар стандартты шабуылдан кейін допты қарсылас қақпасының бағанына тигізді. «Челсидің» ұмтылыстары қонақтарды жарты алаңдарынан шығармады. Десек те, шабуыл жасау мен гол соғу бір бөлек боп шықты. Қарымта шабуылдардың бірінде Арда Туран өз командасының үшінші голын салып, финалға бір қадам жақындатты. Бұл нәтиже бүгінгі ойынның тағдырын шешіп тастады.

«Атлетико» кешегі «Реалдың» ізін жалғап, финалға шықты. Бұл Чемпиондар Лигасының тарихындағы финалға бір қаладан шыққан алғашқы жұп болмақ. Ал биылғы маусымдағы кәрі құрлықтың үздік командасы Лиссабонда анықталады.  

«Челси» – «Атлетико» 1:3 (1:1)

Голдар: Торрес 36’, – Адриан 44’, Коста 60’ (пен), Туран 72’

«Челси»: Шварцер, Иванович, Кэхилл, Терри, Коул, Луис, Аспиликуэта, Рамирес, Азар, Виллиан, Торрес.

Қосалқы құрам: Илариу, Калаш, ван Гинкель, Оскар, Шюрле, Ба, Это’о.

«Атлетико»: Куртуа, Годин, Луис, Хуанфран, Миранда, Суарес, Мендеш, Коке, Туран, Лопес, Коста.

Қосалқы құрам: Арансубиа, Алдервейрелд, Гарсия, Родригес, Сосо, Рибас, Вилья.

Төрешілер: Риццоли (Италия)

30 сәуір. Лондон. «Стэмфорд Бридж».