Бір апта бұрын «Сантьяго Бернабеуде» өткен кездесу қос клубқа да мүмкіндік берген болатын. Алайда «Альянс‑Арена» өз командасына финалға жол аша алмады.

Ысқырықтан кейін «Бавария» шабуылға лап берді. Қапталдан жасалған ұмтылыстарға қонақтардың қорғанысы лайықты жауап қатып жатты. Ойынның он алтыншы минутында Серхио Рамос бұрыштан әуелеген допқа бірініші жетіп, алаң иелерін жауапсыздығы үшін жазалады. Төрт минуттан кейін Рамос Нойер қақпасын екінші мәрте дәл көздеді. Тағы да стандартты шабуылдан кейін, тағы да баспен. Санаулы минутта қос гол жіберіп, жағдайын тым қиындатып алған алаң иелері енді төрт гол соғу қажет. 34-минутта Криштиану Роналду неміс машинасының финалға деген үмітін су сепкендей басып тастады. Гарет Бейл қарымта шабуылда қорғаушылардан сытылып шығып, португалиялыққа пас беріп үлгерді. Ал соңғысы командасының бүгінгі ойындағы үшінші, биылғы Чемпиондар лигасындағы өзінің он бесінші голын соқты. Бұндай есеп неміс машинасын үлкен соққыда қалдырғаны анық. Үзіліске дейін «Бавария» жаңа ештеңе жасай алмады.

Екінші таймды Гвардиола шәкірттері бірден допқа иелік етіп бастады. Қолайлы нәтижеге қол жеткізіп алған мадридтіктер аса асыққан жоқ. Ұрымтал тұста Алаба Касильястың қақпасын көздеп көрді, алайда Серхио Рамос допты алаңнан шығарып үлгерді. 56-минутта Роббен алыстан Касильястың қырағылығын байқап көрді. Мюнхендіктердің өкінішіне қарай, доп қақпадан қиыс кетті. Француз Франк Рибери айып алаңына еніп, қақпаға соққы бағыттады, алайда Касильяс тағы да орнынан табылды. Қонақтардың қарымта шабуылдарында алаң иелері сәтті ойнады. Хосеп жігіттері екінші таймда шабуылда белсендірек ойнай бастады. Кроостың алыстан бағыттаған добы мадридтік клубтың қақпа күзетшісінің қолынан табылды. Қарымта шабуылда Коэнтрау Нойер қақпасына «Реалдың» төртінші голын соға алмады. Ойынға тыңнан қосылған Марио Гетце жанкүйерлерінің қолдауымен есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алған еді. Десе де, Бундеслига чемпиондарына дәлдік жетіспеді. Кроос қарсы тұрған Алонсодан өтіп, қақпадан отыз метр жерден соққы бағыттады. Қиыс кетті. Ойынның аяқталуына он минут қалғанда «Бавария» жанкүйерлері «Альянс‑Аренаны» тастап кетіп жатты. Иә, бавариялықтар ойынды құтқарып қалады дегенге жанкүйерлері тұрмақ, ойыншылардың өздері де сенбейтін секілді. 88-минутта Роналдуға қарсы ойын тәртібі бұзылып, қақпаға жақын жерде айып соққысы белгіленді. Осылайша стандарттық шабуылдың нағыз шеберлері төртінші голын салды.Әлемнің үздік ойыншысы Роналдудың соққысын Нойер өз қақпасына көзбен шығарып салуға ғана шамасы жетті. Ал он алтыншы голын соққан Криштиану бүгінгі рекордын жаңартты.

Сонымен, «Реал Мадрид» былтыр Мюнхенде кеткен «Барселонаның» кегін қайтарып, финалға шықты. Қорытынды есеп – 4:0.