Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында қолкүрестен сәуірдің 22-23-і күндері «PROFORM CLASSIC» аясында Өзбекстан мен Шардара құрамасы кездесті.

Шардара ауданының «Шардара-армспорт» клубы Қазақстанның намысын қорғады. Жарыс ережесі бойынша спортшылар салмақ дәрежесіне қарай 5 раундтан тұратын жекпе жекке шыкты. Алдымен жарыс жолына 60 келі дәрежесіндегі ересектер арасында әлем чемпионы атанған 18 жастағы Талғатбек Рүстембек өзінен әлдеқайда ірі өзбекстандық Кошимовпен жекпе-жеке шығып айқын басымдылықпен бес раундта да женіске жетті.

70 келі салмақ дәрежесіндегі спротшылар жарысты жалғастырып,  шардаралық әлем чемпионы Мағжан Шамиев өзбекстандық Обид Солимовпен қол күрестірді. Қарсыласына бір де бір мүмкіндік бермей айқын жеңіске жеткен ол командасын есеп бойынша тағыда алға шығарды. 80 келі салмақтағы жерлесіміз Шынболат Райханов карсыласы Илья Сайдовты аса тартысты өткен бәсекеде бес раундтың қорытындысы бойынша 3:2 есебімен ұтты.

90 келі, яғни ауыр салмақ бойынша өнер көрсеткен Қыдырғали Оңғарбаев әлем чемпионы Бабур Бекчановпен шықты. 20 жасар қарсыласынан тегеурінді қарсылық күтпеген өзбекстандык спортшы бірінші раундтан кейін күресуден бас тартты, қорытынды есеп 5:0 .

Осылайша Өзбекстан кұрамасына қарсы өткен матчтық кездесу «Шардара-армспорт» клубының айқын жеңісімен ақталды. Командалық жарысқа шәкірттерін тыңғылықты дайындап апарған бас жаттықтырушы Арман Қарсыбаев пен Нурхаликов Сейфулланың енбектері орасан зор! Білекті балуандарымыз алда Жапонияда өтетін Азия чемпионатында көк туымызды тағы да желбіретеді деген сенім мол.