Жартылай финалдың екінші жұбы барша әлемді өзіне қаратқаны анық. Және бұл кездесу көптің үмітін ақтады. «Реал Мадрид» өз алаңында «Баварияны» бір гол айырмашылығымен ұтты. Ақтық сында ойнайтын командаларды келесі апта анықтайды.

Алғашқы м инуттардан қонақтар ойындағы басымдықты өз қолына алуға тырысты.Қателікті кешірмейтін мадридтік клуб қарымта шабуылда Коэнтроудың пасынан кейін француз Бензема ашық қақпаны дәл көздеді. Бірінші таймның орта белінде Криштиану Роналду ұрымтал тұстан допты дәл бағыттай алмады. Алаңдағы ұжымдар қанша талпынғанымен, таблодағы есеп үзіліске дейін өзгермеді.

Екінші таймның алғашқы минуттары алаң иелерінің басымдығымен өтті. Кейін Еуропа чемпиондары ойынды қалпына келтіріп, допқа жиі иелік ете бастады.  Өз қапталынан Роналдуды жиі жоғалтып алып жатқан Рафинаның орнына Гвардиола Мартинесті шығарды. Кейін шабуылға жаңа леп беру үшін Рибериді Марио Гетце ауыстырды. Алайда неміс машинасы «Реалдың» қорғанысын бұзып жара алмады. Ал мадридтіктердің сапында португалдық жұлдыз Роналдудың орнына Гарет Бейл шықты. Жасыл алаңдағы бірнеше өзгеріс қос командаға да серпіліс алып келді. Алайда жасалған ұмтылыстар Нойер мен Касильяске көп жұмыс жасатқан жоқ. Ал қонақтар таразы басын теңестірер мүмкіндікке матчтың аяқталуына он минут қалғанда ие болды. Алайда Мюллердің бағыттаған добы сәл ғана қиыс кетті. 83-минутта Гетце айып алаңында тұрып, тамаша мүмкіндікті пайдалана алмады. Алаң иелерінің бақытына орай, допты Касильяс кері қайтарды.  Соңғы минуттар қос ұжым жанкүйерлерінің мазасын аз алмады. Алайда төреші Ховард Уеббтің соңғы ысқырығы естілгенше командалар таблодағы есепті өзгерте алмады. Қорытынды есеп ­­­– 1:0.

Жартылай финалдағы төрт команда жалпы есеппен бір ғана гол соға алды.