Футзалдан УЕФА кубогы «Төрттік финалының» қарсаңында «PROСПОРТ» Қазақстан тілшісі сіздерді алматылық «Қайраттың» қарсыласы - «Динамо» және екінші жартылайфиналдық жұптағы «Араз», «Барселона» командаларымен таныстырады.

«Араз»

УЕФА кубогының финалдық кезеңі қарсаңында әзербайжандық клубқа бірнеше мықты ойыншылар ауысты. Айта кетсек, Италия құрамасының ойыншысы Адриано Фолья мен словениялық шабуылшы Кристьян Чуец. Сондай-ақ жақында командаға колумбиялық ойыншы Анхельото Каро қосылуы керек.

Фолья бұған дейін «Пескара» сапында өнер көрсеткен. Ал, финалдық кезеңдерде «Монтесильвано» мен «Марка» командаларында ойнаған. Италия құрамасы сапында 32 жастағы ойыншы жүзден астам кездесу өткізіп, 2003-ші жылы Еуропа чемпионы атанды.

«Араз» қақпасын Украина құрамасаның ойыншысы Алексей Попов қорғайды. Бұдан басқа, нахичевандық командада Әзербайжан құрамасының ойыншылары ойнайды. Ал команданы қазақстандық жанкүйерлерге таныс маман Алесио жаттықтырады.

Әзербайжан чемпионатында «Араз» бірінші орында келеді. Дегенмен, соңғы турда ел чемпионы өз алаңында «Фенербахче» командасынан 2:3 есебімен ұтылып қалды.

Әзербайжандық «Араздың» ойыншысы, Виталий Борисов:

- Жартылай финалда «Динамоға» қарсы ойнағымыз келген. Десек те, барлық төрт команданың күші бірдей. Бәрі де мықты. «Барселонамен» ойын өте ауыр болмақ. Дегенмен, ойынға тыңғылықты дайындалып жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Кем дегенде 2010 жылғы нәтижемізді қайталауымыз керек. Ол кезде біз қола жүлдені иеленгенбіз. Қайтсе де, екі кездесудің біреуін ұтуымыз қажет. Бұған қоса, финалдық кезең Бакуде өтеді.

«Динамо»

«Динамо» былтырғы маусыммен салыстырғанда күшейді. Мәскеулік команда биылғы маусымда үш кубок үшін талас жүргізуде. Былтыр динамолықтарды алматылық «Қайрат» тізе бүктірген еді. Биылғы маусымда мәскеуліктер сол есені қайтарғысы келетіні анық. Ресейліктер ақтық кездесуге шығу үшін бар күшін салады.  

Тино Перезаның командасы Ресей біріншілігінде көш бастап келеді. Екінші орында тұрған «Юграны» он ұпайға озуда. Мәскеуліктер бір-ақ кездесуде жеңіліпті. Сондай-ақ, олар ел кубогының финалына шықты. 

Жуырда бізге жақсы танымал «Динамоның» қақпашысы Густаво «Тюменьмен» өткен ойында ауыр жарақат алған болатын. Қазіргі таңда Густаво басына шлем киіп ойнауға мәжбүр.  

Мәскеулік «Динамоның» капитаны, Александр Рахимов:

Еременко кубогындағы «Қайраттың» ойынына қарасақ, олардың мықты команда екенін аңғаруға болады. Сондықтан жартылайфиналдық ойынға тыңғылықты дайындыламыз. «Төрттік финалда» осал ұжымдардың болмайтыны белгілі. Барлық командалар мықты. Жеребе жайлы ештеңе айта алмаймын. Бірақ, «Аразбен» ойнасақ жақсы болар еді. Онда біздің бұрынғы қақпашымыз Алексей Попов ойнайды. Алайда, біз «Қайратқа» тіс қайрап жүрміз. Мен «Қайратқа» қарсы ойында жарақатыма байланысты қатысқан жоқпын. Бұл матчты үйде теледидардан көрдім. Сол кездесуде «Қайрат» бірден бес ойыншымен ойнай бастады. Біздің ойыншылар бұған дайын болмай шықты. Еременко кубогының жартылай финалы мен финалын көрдім. «Қайраттың» сапында жоғары деңгейлі ойыншылар жетеді - Фумаса, Алешандре, Жоан және қақпашы Игита... Дегенмен, «Динамо» алдында бір мақсат – ол УЕФА кубогын жеңу.

«Барселона Алуспорт»

«Барселона» футзалдан Испания чемпионатын тек қана 2011-ші жылы ұтты. Әйтсе де, Марк Кармонаның командасы сол уақыттан бері қатты күшейіп алды.  

Каталондықтар «Мурсияны» артта қалдырып ел біріншілігінің бірінші сатысында жайғасып алды. Дегенмен, «блаугрананың» қазіргі бабы қуантарлық емес. Жуырда олар Испания кубогының жартылай финалында «Интер Мовистардан» ірі есеппен ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды.  

«Барселона Алуспорттың» ойыншысы, Фернандао:

«Оңай болмайтынын білеміз, десек те мақсатымыз бір – ол жеңіс. Финалдық кезеңге шыққанымызға қуаныштымыз. Қатарынан бірнеше жыл бойы үздік төрт командалардың қатарындамыз. Бұл біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды білдіреді.

«Динамоға» қарсы финалдық кездесу қызық болады. Меніңше, бұл өте мықты команда. 2012-ші жылы «Динамомен» өткен ойынға қатыса алмадым. Бірақта, олардың ойыншыларын таныймын. Әрине, мен үшін УЕФА кубогын қайта ұту қайталанбас сезім болар еді.