Кеше түндегі сүреңсіз кездесуден кейін барша футболсүйер қауымның үміті «Реал Мадрид» – «Бавария» кездесуінде екені анық. Мадридтегі алғашқы ойында жанкүйерлер гол көре алмаса, бүгінгі кездесуде голдан шашу шашылар деп сенеді. Оның үстіне, бұл қос клубтың да өзара бітпей қалған мәселелері жеткілікті.

Ең алдымен, бұл кездесуде «Баварияның» бас бапкері Хосеп Гвардиоланың қадамы қызық болмақ. Себебі Хосеп 2011 жылы «Барселонамен» бірге «Реалды» Чемпиондар лигасының жартылай финалында жеңген болатын. Ал мадридтік клуб үшінші рет ½ финалдан ұшып кетпеу үшін жанын салатыны анық.

Екі ұжым жалпы есептегенде 14 Еуропа чемпиондарының Кубогын еншілеген екен. «Бавария» бес рет кәрі құрлықтың үздік командасы атанды. Енді чемпиондар лигасын қатарынан екі рет жеңген алғашқы команда болуға ұмтылады. Биыл оныншы мәрте чемпион атануға талпынып жатқан «корольдік клуб» соңғы рет тұғырдан 2002 жылы көрінген.

Германия чемпионы «Бавария» испаниялық клубпен 20 рет ойнап, оның 11-інде жеңіске жеткен. Ал Мадридте өткен кездесулерде «Реал» жеті рет ұтып, екі рет жеңілген. Тағы бір ойында жеңімпаз анықталмады.

«Реал» Чемпиондар лигасының өз алаңында өткізген ойындарында 17 матч бойы жеңілмей келе жатыр. Соңғы рет мадридтік клуб 2011 жылдың 27 сәуірінде Гвардиоланың «Барселонасына» жол берді.

«Реал» жартылай финалда үшінші рет қатарынан неміс клубынан әрі аса алмауы мүмкін. «Бавария», керісінше, соңғы екі еурододада «Примера» өкілдерін тізе бүктірген болатын.