Кәрі құрлықтың ең мықты клубын анықтауға аз уақыт қалды. Бүгін-ертең Мадрид қаласында жартылай финалдың екі кездесуі өтеді. Алдымен түнде өтетін «Атлетико» мен «Челси» арасындағы матчты сарапқа салып көрейік.

«АТЛЕТИКО»Бұл команданың жанкүйерлері сүйікті клубының үздік төрттікке кіретін кезін ұзақ күтті. Мадридтік ұжым Чемпиондар лигасының финалында бір мәрте ғана ойнаған – 1974 жылы. Сол кезде Брюссель қаласында аталмыш клуб «Бавариядан» 0:4 есебімен тас-талқан болып жеңілген еді.

Соңғы алты маусым бойы Чемпиондар Лигасын «Барселона» немесе осы клубты ұшырып жіберген команда жеңетін еді. Әрине, бұл – «Атлетико» үшін жақсы ырым. Мадридтік клубқа дейін «Бавария», «Челси, «Интер» және «Манчестер Юнайтед» «Барсаны» қапы қалдырып, Чемпиондар лигасының тұғырынан көрінген.

Диего Симеоне – жартылай финалға шыққан төрт бапкердің ішінде Чемпиондар Лигасын жаттықтырушы ретінде де, ойыншы ретінде де жеңіп көрмеген жалғыз маман. Алайда Диего «Атлетикомен» бірге екі жыл бұрын Еуропа Лигасын бағындырған болатын.

Чемпиондар Лигасының барлық кездесуін есепке алғанда «Атлетиконың» жартылайқорғаушысы Габи 116,683 км жүгіріп тастаған екен. Бұл көрсеткіш бойынша аталмыш футболшы дортмундтық «Боруссиядағы» Кевин Гросскройцке ғана жол береді.

Габи биылғы еуромаусымда 25 рет ойын тәртібін бұзыпты. Бұл көрсеткіш бойынша «Боруссияның» тағы бір ойыншысы Роберт Левандовскиймен бірге алғашқы қатарда. Жалпы, мадридтік клубтың ойыншылары осы турнирде ең көп ереже бұзған команда – 155 рет тәртіп бұзып, 23 мәрте сары қағаз еншілеген. Бірақ бұл командаға қарсы ереже бұзылған кездер де аз болмапты (141 рет).

«ЧЕЛСИ»

Лондондық клуб екі рет Чемпиондар лигасының финалына шыққан. 2008 жылы «Манчестер Юнайтедке» ойын соңындағы пенальтиден кейін жол берсе, 2012 жылы «Баварияның» алдын ораған болатын.

Жозе Моуриьно Чемпиондар Лигасының финалын туған жерінде өткізе алады (Лиссабонда). 51 жыл бұрын ол Лиссабонға тиісті Сетубал қаласында дүниеге келген. Сондықтан, португалиялық бапкер үшін биылғы финал өз үйінде өтеді.

Егер Моуриньо ақтық сынға шығатын болса, Чемпиондар Лигасын үш клубпен бірге ұтып алуға мүмкіндік алады. 2004 жылы португалиялық «Портумен» кәрі құрлықты бағындырса, кейін «Интермен» жетістігін қайталаған болатын. Ал «Челсидің» шабуылшысы Самуэль Это’О Чемпиондар Лигасын үш бірдей клубпен жеңе алады. Бұған дейін ол «Барселона» (2006, 2009 жылдар) және «Интермен» (2010) жеңіске жеткен еді.

Жозе Моуриньо былтыр да осы турнирің жартылай финалына шыққан болатын, алайда басқа клубпен – «Реал Мадридпен».

«Челсиге» еурокубокты үшінші рет қатарынан жеңіп алуға мүмкіндік бар (Суперкубокты есептемегенде). 2012 жылы лондондықтар Чемпиондар лигасында үздік атанса, былтыр Еуропа лигасының жеңімпазы атанған болатын.